Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.17.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Бейсенбі күнгі жарыққа шыққан бірқатар басылымдар Алматыда президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен аяқталған сот ісі туралы жазуды жалғастырыпты. Сонымен қатар басылымдарда Қарағандыдағы «Абай» шахтасында болған жарылыс түрткі болған «Тентек» шахтасының шахтерлері ереуілге шыққаны айтылыпты. Көптеген басылымдар Қазақстанға құлаған «Протон» зардабына Ресей мардымсыз төлемақы төлемек ниеті бар екені туралы материалдар басыпты. Ал оппозициялық «Тасжарған» газеті Қазақстанның шетелде жүрген бұрынғы премьер министрі Әкежан Қажыгелдин Қазақстанға қайтып оралуы мүмкін бе деген сауал төңірегінде сұхбат жариялапты.

“Свобода слова» газеті «Рахаттың сабағы» деген редактор мақаласында Рахат Әлиевтің үстінен аяқталған сотқа қорытынды жасап, «өкінішке орай осы сот арқылы билік Рахат Әлиев пен оның қарақшыларына сабақ бере алмады. Керісінше, Рахат Ақ ордаға сабақ берді» деп жазыпты. Осы газет елдегі экономикалық ахуалға сараптама жасаған мақаласында «Неге Түркмендер өздерінің газын тегін пайдаланады, ал біз болсақ өз өнімдерімізге соншама қымбат төлейміз?» деп аяқтапты. Сондай-ақ «Свобода слова» газеті «Қанды хаттар» атты мақаласында Қазақстан түрмелеріндегі ахуалды жаза отырып, «түрмедегілер құрт ауруынан өліп жатыр, себебі оларды түрмеде ешкім емдемейді» деген қорытынды айтыпты. «Жаны сырқат Астана» деген мақаласында газет, дәрігерлердің мәліметі бойынша, соңғы уақытта Астанада психикасы нашарлаған адамдардың саны күрт өсіп отырғаны туралы айтыпты. «Олардың арасында, - дейді мақала авторы, – пәтер аламыз деп ақшаларын кезінде әртүрлі компанияларға өткізгендер мен құрылыс мақсаты үшін үйлерін бұзбақшы болған адамдар жиі кездеседі».

Ал «Литер» газеті Алматыда не пәтер ала алмаған, не ақшасын ала алмаған үлескерлер мен «Верный.КЗ» және «Казстрой» құрылыс компанияларының арасында дау-жанжал өршіп тұрғанын жазыпты.

Оппозициялық «Тасжарған» газеті Болат Әбіловпен болған сұхбатын кейбір басылымдар мен интернет сайттары жариялаған «Билік Қажыгелдиннің елге оралуына мүдделі боп отыр» деген материалға арнапты. Онда Болат Әбілов «Билік Қажыгелдин оралсын десе, өзінің бұрынғы райынан қайтуы керек. Он жылға сырттай соттаған үкімін өзгертуі керек, ал оған билік бара алады дегенге сену қиын. Десе де Әкежан Қажыгелдиннің елге оралуы Қазақстан үшін игі іс болар еді» деген ой айтыпты.

Көптеген баслымыдар Қазақстанда құлаған «Протон» зымыран тасығышының зардаптары үшін Ресейден алмақ төлемақы туралы жазыпты. «Айқын» газеті осы тақырыптағы мақаласын «Ресей қазақ жерін 20 мың теңгеге бағалапты» деп атапты. Онда автор «Әнеу кездері көктен «Протон» құлап, у жауғанда эколог мамандар елімізге 36 миллиард теңге шығын келді деп бағалаған-тын. Кейін Қазақстан мен Ресей арасында құрылған үкіметаралық комиссия ұзақ келіссөзден соң оны 7 миллиард 404 миллион 163 мың теңгеге дейін төмендеткен. Бір қызығы, бұл сан Ресей үкіметінде ащы кекесін мен күлкі туғызыпты. Ал орыстардың қанша қаржы бергендігін естігенде кеше біздің қалаулылар жыларман күйге түсті: Ресей үкіметі Қазақ елінің экономикалық шығынының орнын толтыруға жеті түгіл, тіпті бір миллиард та емес, бар болғаны 292 миллион теңгедей ақша бөлуге келіскен...» дей келіп, мақала авторы, Ресей мен Қазақстан неге өтемақы төңірегінде келісе алмағанына тоқтапты.

Бірқатар басылымдар Қарағандыдағы «Тентек» шахтерлерінің ереуілі туралы жазыпты. «Жас Алаш» газеті «Ереуiлдеген кеншiлер «Тентектен» шықпай жатыр» деген мақаласында: «Екi тәулiктен берi жердiң бетiне шықпай ереуілдеп жатқан шахтерлар, еңбек жағдайы мен жалақысының көбеюiн (төменгi жалақы мөлшерi кемiнде 70 мың теңге болуы шарт), 10 жылғы еңбек өтiлiмен 50 жастан зейнеткерлiкке шығаруды талап етiп жатыр. Әкiм-қаралар кеншiлердi шахтадан шығару үшiн олармен жан-жақты келiссөз жүргiзiп жатыр» деп жазыпты.

Енді бірқатар басылымдар Қазақстанның бірқатар зиялы қауым өкілдерінің президент пен үкімет атына «Дат, тақсыр, талабымызды тыңдаңыз!» атты үндеуін жариялапты. Онда тіл тағдыры мен ұлт болашағына алаңдаған зиялы қауым өкілдері «300 жылдай уақытқа созылған орыстандыру, ұлтсыздандыру процесiне егемендi ел ретiнде баға беру. Онсыз рухани тәуелсiздiкке қол жеткiздiк деп айтуымызға негiз жоқ» дей келіп, төрт мәселені алға тартады да, «парламент пен президент және үкіметтен түбегейлі шешім күтетіндіктерін» атады.

Осы үндеу мен Мұхтар Шахановтың «Тағдыры қыл үстiнде тұрған халықпыз» атты мақаласын «Ана тілі» де басыпты. Бұл үндеуге барлығы қазірдің өзінде 103 зиялы қауым өкілдері қолқойыпты және қол жинау одан әрі жалғасып жатқан көрінеді. «Жас Алаш» газеті «Беделдi үкiметтiк емес ұйым – “Freedom House” 2007 жылғы әлемдегi азаматтық бостандықтың жай-күйi туралы баяндамасында “Қазақстанда еркiндiктiң рейтингi құлдырап барады” деп көрсетiптi.

Сондай-ақ газет «Нағыз Ақ жол» партиясы ақпанда өтетін құрылтайында партия атын өзгертпек ниеті барлығын, соған жаңа атқа конкурс жариялайтынын жазыпты.
XS
SM
MD
LG