Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.05.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сенбі күнгі басылымдардың дені Астана мен Алматы қалаларына жаңа әкімдер тағайындалып, «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысының қамауға алынғанына назар аударыпты. Бірқатар басылымдар президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның интернет-конференциясына, Бухаресте аяқталған НАТО саммитіне тоқталыпты.

Сенбі күнгі барлық дерлік басылымдар Алматы мен Астана қалаларына жаңа әкімдер тағайындалып, «Қазақстан темір жолы» компаниясына да жаңа басшы келіп, ал бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеевтің «пара алған» деген айыппен қамауға алынғаны туралы жазыпты.

«Айқын» газеті мен «Литер» газетінің бүгінгі көкейдегі сауалы да осы оқиғаларға байланысты: «Кеткен әкімдер жайында не айтасыз, келген әкімнен не күтесіз?» және «бұл ауыс-түйістер нені меңзейді?» деп аталыпты. Оған жауап бергендердің кейбіреуі: «Алматының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов іскер адам, оның Астанаға әкім боп баруы - алдағы Астананың он жылдық мерей тойы қарсаңында оған деген артылатын үлкен үмітті аңғартса керек. Дегенмен ол Алматыдағы көлік тығынын шеше алмай кетті» дегендей ой айтса, жазушы Дулат Исабеков: «Алматыға келген жаңа әкім Ахметжан Есімов қазақша ойлап, қазақы өмір сүретін жан. ...Жалпы, қазақы рухты адамдардан үміт күтуіміз керек. Қиын сәтте елге жаны ашитын солар. Бастысы – тағайындалған әкімдер істің адамы болсын» деп жауап беріпті. Ал осы сауалға «Мәдени майдан» атты қоғамдық қор жетекшісі Нұрлан Ерімбетов: «Мен мұндай мәселені қоғам талқылауы тиіс деп есептемеймін. Маған ол қызық емес, менің жеке өміріме, тура сол сияқты көптеген қазақстандықтардың жеке өміріне одан келіп-кетер ештеме жоқ. Қарапайым кадр алмасулар» деп жауап беріпті.

«Время» газеті «Құлекеевті не үшін жауып қойды?» деген мақаласында Жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Қожамжаровтың сөздеріне сілтемелеп: «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Құлекеев сәуір айының ортасында өтетін 400 миллиондық тендерді белгілі бір фирманың пайдасына шығарып беру үшін, ортадағы делдалдары арқылы 100 мың доллар «үстеме» алған. Оған оның жүргізушісі көмектескен. Тіпті сол долларлар таза екендігін жолда доллар сататын екі жерде тексерген. Оны парамен ауланың ішінде ұстағанда долларлар оның аутокөлігінің артқы орындығында жатқан» деп жазады. Ал осы мекеменің жолаушылар тасымалдау басқармасы бастығының орыбасары Жанар Нурабай туралы: «ол да кәсіпкерлерге вагон бөлуді саудаға салып, ол үшін пара алуды мықты жолға қойғандығы анықталды. Екі жағдай да жапа шеккендердің жеке арыздары бойынша анықталды. Бірақ олар қамауға алынған күні арызданушыларға қатты қысым жасалғалы себепті, олардың біраздары сөздерінен тайып кетті» деп жазыпты.

«Литер» газеті «Бірде толы, бірде солы» деген мақаласында: «биыл Оңтүстік Қазақстанда суармалы су тапшылығы күтілуде» деп жазса, «Егемен Қазақстан» басылымы «Сырдың арнасындағы судың тапшылығы салдарынан биыл Қызылорда облысында күріштің көлемі 20-28 пайызға дейін қысқарғалы тұр» деп жазыпты.

Бірқатар басылымдар «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамы мен Салық комитеті арасындағы ұзаққа созылған текетірес кеше Қарағандының облыстық сотында қаралып, онда облыстық сот мәселені «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының пайдасына шешкені туралы, ал оған риза болмаған Салық комитеті енді облыстық соттың қадағалау алқасына шағымданбақ» деп жазыпты.

«Время» газеті Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның интернет-конференциясы туралы мақаласын оның өз сөзімен: «Мен гламурлы, яғни сән-салтанатқа әуес емеспін және сауыққұмарлығым жоқ» деп атап, «Шенеуінктерге жұдырық» деген мақаласында «дәрігерлер мен мұғалімдердің мүддесін заң бойынша қорғайтын «Достойнство» атты қоғамдық бірлестікті Әділет министрлігі дәл сондай аттағы бірлестік тіркеуден өткенін алға тартып, атауын өзгертуді талап етіп тіркемей қойды» деп жазыпты.

Осы газет оқырмандарының сауалына жауап берген Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директорының орынбасары Қанат Берентаев: «кезінде су тегінге берілген акцияларын үкімет ондаған миллион доллар бюджет қаржысына қайта сатып алып жатыр. Бұл бір жағынан, мемлекеттің елеулі деген саладағы рөлін арттырса, екінші жағынан Батыс қауымдастығы алдында капиталды заңдастыру боп табылады» дей келіп, «Үкіметтің құрылыс саласына бөлген қаржысы осы саладағы дағдарыстан құтқара ма?» деген сауалға: «Құтқаруы мүмкін, бірақ бір қынжылтатын жері – үкімет сатып алатын пәтерлердің бағасын алдын ала тағайындап қойды да, бағаның нарық заңдарына сәйкес одан да төмендеуіне жол жапты. Бұл жағдай осы саладағы алыпсатарларға еш шығынсыз шығуына жағдай жасау деген сөз» деп жауап беріпті.

«Айқын» газеті «Басқа дінге кірген 9 жігіт әскерден бас тартты. Мұндай жағдайды болдырмау үшін заңға өзгерістер жасау керек» дей келіп, «Кешелі бері Маңғыстау облысында итбалықтар қырылып жатыр» деп хабарлапты.
XS
SM
MD
LG