Accessibility links

Алматыда VII Еуразиялық Медиа Форум басталды

  • Досан БАЙМОЛДА

Бейсенбі күні Алматы қаласында жетінші Еуразиялық Медиа Форум өз жұмысын бастады. Биылғы жиынның бұрынғыларға қарағанда бір өзгешелігі - форум жұмысы екі күнге деп жоспарлаған.

Жетінші Еуразиялық Медиа Форум жұмысына Қазақстан президенті Н.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Форум қонақтарын қазақ жеріне келуімен құттықтап, оның жұмысына табыс тілеген президент Н.Назарбаев, соңғы кезде әлемде қауіп-қатерлердің арта түскенін, өткен жылғы әлемдік қаржы дағдарысының көптеген елдердің қаржы-несиелік жүйелеріне қатер төндіргенін атады.

«Осындай қатердің болғанына қарамастан Қазақстан экономикасы негізгі көрсеткіштер бойынша өзінің аймақтағы жетекші ел екендігін сақтап қала алды», деді ол. Сондай-ақ президент Н.Назарбаев Қазақстан мен Еуропа арасындағы саяси диалогтың оң дамып келе жатқандығын және Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төраға болуға дайындалып жатқанын айтып өтті.

Қазақстан президентінен кейін сөз алған БҰҰ Бас ассемблеясының 62-ші сессиясының президенті Срджан Керим Еуразиялық медиа форум еуразиялық мәдениет пен өңірлік ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады деді. Ол сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-ның бастамаларын жүзеге асыруда белсенді әрекет ететін елдердің бірі екенндігін атай отырып, Қазақстан экономикасының аймақ елдері арасында қарқынды дамып бара жатқандығын жеткізді.

Ал медиафорумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева осы жиын айналасында әлемнің түкпір-түкпірінен беделді саясаткерлер, журналистер мен сарапшылардың тұрақты үлкен тобы жасақталғанын айтты.

«Осы жолғы жетінші еуразиялық медиа форумда соңғы жылдары әлемде болған халықаралық өмірдегі басты саяси оқиғалар мен олардың әлемдік БАҚ-да қалай хабарланып таратылуы мәселесі сөз болады, сондай-ақ кейбір БАҚ хабарлай бастағандай, жаңа «қырғи-қабақ соғысының» шығу мүмкіндігі жайлы да талқылаулар өтеді, - деді Д.Назарбаева.

Форумының арнайы қонағы, ірі саясаткер, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік мәселері жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Збигнев Бжезинский Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың соңғы кезде салқындауына Ресей тарапынан АҚШ-тың Польша және Чехияда зымыраннан қорғану радарлық жүйелерін орнатпақ болып отырған жоспарына қарсылықтың үлкен әсері бар дегенді айтты. АҚШ пен Ресей екеуі бұл мәселе бойынша диалог әңгіме өткізе бастаса да осыған дейін бұл диалог нәтижесіз қалып отыр деді З.Бзежинский.

Ал Ресей саясаткері Глеб Павловский батыс елдері Ресейді жалғызсырату, оны оңаша қалдыру саясатын ұстанып отыр деген пікірін айтты. Ол дәл қазіргі жағдайда АҚШ пен Ресей арасында қандай бір келісім болуы қиын деген пікір білдірді.

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сатпаев жыл сайын Алматыда болатын медиа-форумда әлемдік, шетелдік, аймақтық және Қазақстандық медиа, баспасөзі мәселесі талықланудың орнына көбінесе саяси тақырыптар сөйлесіліп, талқыланатындығы әдетке айналғанына сыни көзқараспен қарайды.

Егерде медиа-форум болуы керек болса, онда журналистер кеңінен қамтылған, олардың мүддесін қарайтын «атына заты сай» медиа-форум болуы керек, әйтпесе БАҚ өкілдері мен БАҚ мәселесін екінші қатарға қойып талқылайтын жиынның атын өзгерту керек, дейді Д.Сатпаев. Ал жетінші еуразиялық медиа форумға қатысушы журналист Бақытжан Тобаяқов осы жолғы медиа-форумда, бұрынғы жиындардағы секілді, оның қазақ жерінде өтіп жатқаны сезілмейді деген пікір айтады.

«Қазақ журналистеріне залда өтіп жатқан форум жұмысына қатысып, өз ой-пікірлерін айта алу мүмкіндігі берлімеген. Өйткені тәртіп солай екен, тек қонақ үйдің екніші қабатындағы телеэкраннан ғана залда қандай айтыс-тартыс болып жатқандығын қарап отыруға болады. Ал Қазақстанның мемлекеттік тілі әр жылғы форумда өзінің бейшара кейпін еске бір салады. Ешкім де бұл тілде сөйлемейді, сөйлегілері келмейді. Тек қана президент сөзінің басында қысқаша мемлекеттік тілде сөйлепғ, содан ресми тілге ауысып кетеді, ал форумда шынымен журналистерді толғандыратын проблемалар айтылмаса, онда бұндай форум кімге керек?», дейді журналист Б.Тобаяқов.
XS
SM
MD
LG