Accessibility links

Рахат Әлиевтің сыбайласы Вадим Кошлякқа қарсы жаңа қылмыстық іс қозғалды


Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Рахат Әлиевтің сыбайласы, қазірде шетелде бас сауғалап жүрген Вадим Кошлякқа қарсы жаңа қылмыстық істің тергеуін аяқтап өндіріске жолдады. Оған аса ауыр қылмыстар жасады деген айыптар тағылып отыр. Сондай-ақ Шымкентте Рахат Әлиевке туыстық қатысы бар, Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Өмірзақ Әметке қарсы сот басталды. Оған қызметтік лауазымын асыра пайдаланды деген айып тағылған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жазбаша таратқан хабарламасында, Вадим Кошляктің аса ауыр қылмыстарға қатысы бар екендігі айтылып, бүгінде Қазақстан аумағынан тыс жерде жүрген оған осы жылдың мамыр айының 3-і күні жоғарыдағы қылмыстық іс материалдарымен танысу үшін Алматы қаласына келуі ескертілген.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі өткен жылы Вадим Кошлякті тележургізуші Анастасия Новикованың өліміне қатысы бар, 2004 жылы Ливанда қаза болған Анастасия Новикованың денесін Қазақстанға Вадим Кошляк пен Құрман Әкімқұловтың арнайы ұшақпен жеткізген деп ресми хабарлаған болатын.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Вадим Кошлякқа жаңа қылмыстық іс қозғап жатқанда, Рахат Әлиевке туыстық жақын болап келетін Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Өмірзақ Әметке қарсы Шымкенттің Әл-Фараби аудандық сотында сот процесі басталды. Оған қызметтік лауазымын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Онымен бірге тағы 4 адам: қалалық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық бөлімінің бұрынғы бастығы және Шымкенттің үш тұрғыны жауапқа тартылып жатыр. Оларға алаяқтық жасады, тонаумен және жалған кәсіпкерлікпен айланысты деп айыпталып отырғаны хабарланады.

Сарапшылар Шымкенттің бұрынғы әкімінің түрлі заңсыз әрекеттерге барғандығы туралы кейбір тәуелсіз басылымдарда айтылып жүргенін айтады.

- Қылмыстық істің қозғалуына Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы төңірегіндегі даудың әсері болды. Әйтпесе, мен өз басым, Өмірзақ Әметтің жемқорлыққа, жерді заңсыз бөлуге қатысы бар дегенді бұрыннан еститінмін. Бұл енді Рахат Әлиевтің ісіне байланысты оның туған-туыстарына сес көрсету мақсатында жасалып отырған болар. Әйтпесе, Өмірзақ Әмет жұмбақ жағдайда бақилық болған марқұм тележүргізуші Анатасия Новикованың мәйітін Шымкент маңайына жасырын жерлеуге қатысы бар деген ресми ақпарат тарады. Ол осы іс бойынша жауапқа тартылу керек қой. Соған қарамастан оған бүгінде тек қызметтік лауазымын асыра пайдаланды деп қана қылмыстық істің қозғалуы түсініксіз, - дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Айдос Сарым.

Қазақстандық оппозицияның кейбір өкілдері болса бұл жаңа қылмыстық істер Рахат Әлиевтің ықпалында болғандарды жауапқа тартудың басы болуы тиіс деген пікір айтады.

- Осындай қылмыстық істерді бастағаннан кейін оны жан-жақты тексеріп аяғына дейін жеткізу керек. Күдікті деген адамдардың билікке туыстық жақындығына, олардың лауазымына қарамай, оларды шетелде жайбарақат жүргізіп қоймай, халық алдында жауапқа тартса. Адам құқығы, адам өмірі маңызды болса, тергеу орындары жан-жақты тергеу өткізіп, Рахат Әлиев пен оның сыбайластарының барлық қылмыстарын ашу керек, - дейді «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярова.

Осы аптада атышулы «Нұрбанк» оқиғасының ашылуына кедергі келтірді деп айыпталған Алматы қаржы полициясы департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Бауыржан Әубәкіровке Медеу аудандық соты үкім шығарды. Әубәкіровті қылмыстық кодекстің 2 бірдей бабы бойынша айыпты деп таныған сот оны үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сондай-ақ сот оған 76800 теңге айыппұл төлеуді белгілеп, жазасын өтегеннен кейін үш жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналысуына тиым салды.
XS
SM
MD
LG