Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.01.2008 жыл


Бейсенбі күнгі кейбір басылымдар «1-ші мамыр - Қазақстан халықтары бірлігі күніне» орай топтамалар беріпті. Бірқатар баслымдар Үкіметтің биылғы жылдың бюджетін қысқартуына назар аударып, банк саласының бүгінгі ахуалы, жемқорлық мәселесі тақырыбын екшелепті.

«Экспресс К» газеті «Үйіңізге мамыр келсін» деген бас мақаласын Қазақстандағы кейбір қарттар үйлерінің бүгінгі мән-жайына тоқтала келіп, «оларға күніне төрт рет берілетін тамағына бюджеттен 250 теңге бөлінген» болса, «1-ші мамыр мерекесін қарттар үйінде тұрып жатқандар қалай қарсы алмақ?» деп сұрапты. Газет сонымен қатар, Қазақстанда ашылған жеке қарттар үйлерінің де бар екенін және ондағы жағдай әжептеуір жақсы екенін атап, осы тақырыптағы топтамасын жалпы Қазақстандағы қарттардың бүгінгі мұң-мұқтажына арнапты.

Оппозициялық «Тасжарған» апталығы осы тақырыпта «Әлеуметтік қорғау» қорының төрайымы Людмила Жулановамен сұхбат жүргізіп, оны «Үкімет зейнеткерлерді жүйелі түрде жоюда» деп атапты.

«Айқын апта» газеті «1-ші мамыр» айдарымен берген «Қазақстандықтарды не біріктіреді?» деген мақаласында «Үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары Жердің қамқоршысы әйел-құдай – Майяға табынған. Соның құрметіне бүгінге дейін мамыр айының алғашқы күні серуендеу мен салтанат мерекесі болып есептелді» дей келіп, мамыр мерекесінің тарихы мен бүгінгі мазмұнына үңіле отырып: «Еңбекшілерді біріктірген айтулы мереке ұлттарды тұтастыра алады. 1 Мамыр – мамыражай татулық һәм бірліктің мерекесі. Көпэтносты Қазақстан халқы үшін 1 Мамыр мейрамының тарихи миссиясы мен саяси-идеологиялық мән-маңызы да осында жатса керек. Баяғы таптық мейрам – көптің ұлттық мерекесі» деген тұжырым жасапты.

Осы тақырыптағы мақаласын оппозициялық «Свобода слова» апталығы «Қазақстанда бірлік жоқ» деп атап, онда автор: «Қазақстан біртүрлі мерекені тойлап жатыр. Банкирлер мен оған қарыздар бірлікте бола ала ма? Мысалы, Шаңырақ оқиғасы кезінде өртенген полиция мен наразылық көрсеткендер бірлікте бола ала ма? Немесе, «Нұрбанк» оқиғасына қатысты жоғалған банкирлер мен президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев болсын, не оның туыстары болсын, бірлікте бола ала ма? Бәлкім, бұлар заң алдындағы теңдігімен бірдей шығар десең, осы оқиғалардың бәрі заң алдында теңдік жоқтығынан орын алғанын көресің. Сонда Қазақстан халықтары несімен бірлік таныта алады?» деп сұрапты.

«Тасжарған» апталығы публицист Амангелді Кеңшілікұлының «Бүгінгі билік – қорқынышты» деген мақаласының бірінші бөлімін басыпты. Автор мақаласын: «Бүгінгі биліктің сорақылығы кешегі биліктің сорақылықтарының бәрін де жолда қалдырып кетеді. Ғылыми-техникалық прогресс заманының ең керемет тәсілдерін меңгерген билікке пайғамбарды құбыжық етіп көрсету, ал нағыз құбыжықтан пайғамбар бейнесін сомдап шығару, немесе ақты қараға, қараны аққа айналдыру – шөптің басын сындырудан да оңай. Тек қалтаңызда ақшаңыз бен биліктегі ықпалыңыз зор болсын. Керек кезінде билік іске қоса алатын лас технология бүкіл әлемде керемет жетілгендіктен, дүние жүзіндегі қарапайым халық жақсы менен жаманды ажыратудан қалды» деп бастап, «мақтансүйгіш қазақ халқы, алпауыттардың өтірік мақтағанына сеніп, аузындағысынан айрылып отыр» деген ой айтыпты.

«Деловая неделя» апталығы Қазақстан банк жүйесі мен қаржы саласының бүгінгі тыныс-тіршілігінің тамырын басып көріп, Standart&Poor’s рейтингтік агенттігі Қазақстанның тәуелсіз рейтінгін «теріс» деңгейге түсіргені «Кәрім Мәсімов үкіметінің отставкаға кетуіне себеп болатын шығар» деген болжам айтыпты.

Ал «Панорама» апталығы «Экономика министрлігі Standart&Poor’s-тың берген бағасымен түбегейлі келіспей отыр» деп жазыпты.

«Айқын апта» газеті «Үкімет бюджетті «сүндеттеп» тастапты» деген мақаласында «Үкімет қаражат үнемдеу мақсатында «Басым емес бюджеттік бағдарламалар тізбесін» түзіп, бұған дейін бекітілген, бюджетке енген көптеген мектептердің, балабақшалардың, медицина нысандарының және «Ауыз су» бағдарламасының жобаларын ақшадан қағыпты. Сөйтіп, 85 миллиард 96 миллион теңге қаржыны босатып алған» деп жазады. Сонымен қатар осы газет қазақ тілінің мәселесіне арналған, «Біртілді - адам, екітілді – жылан, үштілді – ылаң...» деген мақаласында автор: «...өзге мемлекеттің гегемониялық тілдік мүддесі үшін жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан өз ана тілін тұғырға жеткізудің орнына жер астына көмілген «құбырдың» жағдайына қиып отырғанда» деген тұжырым айтыпты.

Бірқатар басылымдар өткен сенбі күні Алматыда болған «алданған үлескерлер митингісіне адамдар күтілгеннен аз келді» деп жазыпты. Кейбір басылымдар «Қазақстан ауылшаруашылық министрлігі шегірткемен соғыс бастады» деп хабарлапты.
XS
SM
MD
LG