Accessibility links

Оппозиция өкілдері биліктің кезекті уәделеріне сенбейді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының Астанада өтіп жатқан 17 сессиясында сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоғамды одан әрі демократияландыру бағытында іске асырылуы тиіс деп атаған шаралардың жүзеге асатынына елдегі оппозиция мен бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері сенімсіздік танытып отыр.

Астанада маусымның 29 мен шілденің 3 аралығында өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының 17 сессиясында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде кем дегенде екі партиядан тұратын парламент құратын механизм жасау, БАҚ жұмысын реттейтін артық кедергілер жою, саяси партиялар мен сайлауға қатысты қоғамды одан әрі демократияландыру бағытында іске асырылуы қажет деп, бірнеше шараларды атап өтті.

Астанадағы Парламенттік ассамблеяның сессиясына әзірге Қазақстанның оппозициялық партияларының өкілдері қатысқан жоқ. Жоспар бойынша, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйым төрағасы мен Қазақстанның оппозициялық партия басшылары және қоғамдық ұйым өкілдерінің кездесуі сейсенбіге деп белгіленген. Қазақстан президентінің осы сессияда айтқан мәлімдемелері туралы Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдиннен сұраған едік.

«Менің ойымша, біздің елбасы тек өзіміздің халық емес, тіпті мына халықаралық саясатта жүрген адамдардың бәрін ақымақ жасайды... Оны мен қатты айтып отырған себебім, кеше ғана біздің парламент төрт партиядан тұрған және сол парламентте мен де бір партияның өкілі боп сайланып, депутат болғанмын. Енді өз қолымен бір партия жасап алып, келесі парламентті екі партиядан кем жасамаймын дегені - жаңалық емес. Ол төрт қадам кейін жүріп, келешекте бір қадам ғана алға басам деген сөз. Өйткені, ол екінші партияны да өз партиясына пара-пар қылып өзі сайлап алады. Сол себептен де мен елбасының айтып отырған сөзіне ешқандай мән-мағына бермеймін, оны халық үшін, ел үшін, демократияны дамыту үшін жасап отырған іс-қимыл деп есептемеймін».

Парламенттік ассамблеяның сессиясына «Шаңырақ» қоғамдық ұйымының өкілі ретінде қатысып отырған Асылбек Қожахметов те президенттің айтқандарына сенімсіздік танытты.

«Былтыр Мадридте, біздің сыртқы істер министріміз Марат Тәжин президенттің атынан 2008 жылы қалай да болса, сайлау туралы заңымыз өзгертіледі, саяси партиялар туралы, сөз бостандығы туралы заңымыз өзгертіледі деп уәде берген еді ғой. Бірақ, содан бері сегіз ай өтсе де ол уәделердің біреуі де орындалған жоқ. Енді президент парламентте кемінде екі партия болуы керек деп жатыр. Мынау көрші Ресейдегі сияқты. Өте дұрыс, бірақ ол да жоғарыдағы уәделер сияқты қалуы мүмкін ғой. Әйтеуір бұрынғы берген уәделерге жаңа уәделер қосылып жатыр, бірақ үкімет те, Сыртқы істер министрлігі де, Орталық сайлау комиссиясы да ешқандай әрекеттер жасамай отыр. Нақты әрекеттер жоқ, мәселе сонда», - деді А.Қожахметов.

Ал, оппозициялық саясаткер, кезінде сенат депутаты болған, қазір «Қазақстанда парламентті дамыту қоры» атты қоғамдық ұйым төрайымы Зәуреш Батталова билік басындағылардың бұл айтып отырғандары кезекті құрғақ уәде деп отыр.

«Меніңше, бұл тек қана сөз! Мысалы, парламентте кем дегенде екі партия болсын десе, осы күнге дейін, сол партия туралы заң қарастырылмаған. Және осы жарты жылдың ішінде сол заңға байланысты не бір кездесу, не дөңгелек үстел жиыны болған жоқ. Парламентте кем дегенде екі партия болуы керек дегені парламентке қайтадан сайлау өткізу керектігін аңғартқандай. Бұл айтылғандар – осы Еуропарламент депутаттарына жағымды мәлімет болсын деп, соларға берген кезекті уәде секілді. Мен оған сенбеймін. Себебі, нақты жұмыс әлі Қазақстанда басталған жоқ. Біз саяси деңгейде ешқандай өзгерісті көрмей отырмыз», - деді З.Батталова.
XS
SM
MD
LG