Accessibility links

«Литер» газетінің фототілшісі Сергей Ходанов соққыға жығылды


Алматыда маусымның 30 күні «Литер» газетінің фототілшісі Сергей Ходановты белгісіз біреулер соққыға жығып, тонап, бағасы бір миллион теңгедей тұратын фотоаппарат пен басқа да техникалық жабдықтарын алып кетті. Фототілші басынан алған жарақатқа байланысты әзірше жұмысқа шыққан жоқ.

Мәселенің мән-жайын білу үшін «Литер» газетімен байланысқанымызда мұндай оқиғаның олар тұратын ауданда жиі болып тұратындығын естідік.

«Бұл біздің редакция қызметкерлерінің бесінші рет осындай оқиғалардан жапа шегуі. Біздің фотографымызға үш адам жабылған, өте қатты зақым алып, қазір жұмысқа келмей жүр. Менің сөмкемді де машинаның ішінен талтүсте ұрлап кетті. Меніңше, біздің ауданда сондай қылмыстық топ бар сияқты. Біз, шынын айтқанда, келесі жолы қайсымыз жапа шегер екенбіз деп алаңдаймыз. Біз барлық оқиға жайлы милицияға шағымданғанбыз да, бірақ милиция шарасыздық танытуда. Кейде шағымымызды алса, кейде әртүрлі сылтаумен, «ашылмайтын іс қой» деп, арызды алмауға тырысады. Ал осы жолы біз тікелей аудандық милиция басшысына таныстар арқылы шығып айттық, сондықтан бұл оқиғаны аудандық ішкі істер бастығы тікелей бақылауға алып отыр», - дейді «Литер» газетінің тілшісі Оксана Лысенко.

Алматының Әуезов аудандық ішкі істер бөлімі әзірге бұл оқиға туралы еш жаңалық жоқтығын айтып отыр.

«Әділ сөз» қоғамдық қорының заңгері Ганна Красильникова елде қаскүнемдерден жапа шеккен журналистер қатары көбейіп отырғанын айтады.

«Журналистерге, кейде олардың жанұяларына шабуыл жасау соңғы жылдары Қазақстанда жиілеп кетті. Кейде тіпті осындай оқиғалардың соңы кісі өліміне де апарып жатыр. Ондай жағдайлар біздің былтырғы қорытынды баяндамамызда көрсетілген. Журналистердің көбі мұндай оқиғаларды өздерінің кәсіби қызметімен байланыстырмайды, тіпті, кейде байланыстырғанның өзінде осы оқиға мен журналистің жазған сыни мақала арасындағы байланысты дәлелдеу өте қиын, кейде тіпті мүмкін емес. Полиция да мұндай оқиғаларға немқұрайлы қарайды, себебі осындай оқиғалар әдетте ашылмайтындардың қатарына жатқызылады», - дейді заңгер.

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев бұл оқиғада ешқандай саяси астар жоқ деп отыр.

«Біз Сергей Ходановты жақсы білеміз. Арақ ішпейтін, қарапайым жігіт. Сол күні жұмыстан кеш шыққанда. өзімен бірге бағасы миллион теңгедей фотоаппараты, құрал жабдықтары болған дейді. Тонаушылар соған қызыққан ба деймін. Себебі, менің естуімше, сол «Литер» мен «Айқын» редакциясы орналасқан жақта қылмыстық ахуал нашар сияқты. Редакция маңында түнімен істейтін кафелар, сауна-клубтар бар. Сол маңайды торуылдайтын қылмыскерлердің ісі сияқты. Содан соң, мен бұл оқиғаның астарында саясат жоқ деп ойлаймын. Себебі, «Литер» мен «Айқын» газеттері, әдетте, билікке жақын, биліктің сөзін сөйлейді. Қазір құрылыс атаулының бәрі тоқтап тұр. Жұмыссыздар көп. Кезінде жалақысын ала алмағандар, үйлеріне қайтпай жүр. Оларға тамақ, ақша керек. Сөйтіп, олар осындай қылмысқа барып жатқан сияқты. Сол себепті осындай оқиғалар болып жатыр. Тіпті кейде үйден далаға шығуға қорқасың», - дейді Матаев.
XS
SM
MD
LG