Accessibility links

"Әділет, талай босағада жылап тұрдың..."


Ақын Ақұштап Бақтыгереева Азаттық радиосында қонақта (ортада)

Ақын Ақұштап Бақтыгереева Азаттық радиосында қонақта (ортада)

Студиямыздың қадірменді қонағы, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереевамен өткізілген сұхбат бүгінгі зиялы қауымның қоғамдағы орны мен жастар тәрбиесі төңірегінде өрбіген еді.

- Студиямызға қош келдіңіз. Сіз өлең, поэзия әлемінде өзіндік өрнегі бар талантты ақындарымыздың бірісіз. Елге сіңірген еңбегіңіз үшін Қазақстанның Құрмет орденімен марапатталдыңыз. Таяуда Тіл жанашыры медалін алдыңыз, құтты болсын. Алматыдағы әдеби-мәдени ортадан Ақжайыққа оралдыңыз. Қазір сол Алматыдағы рухани ортаны аңсамайсыз ба?

- Алдымен Азаттық радиосы тыңдаушыларымен сәлемдесіп алайын. Көп-көп рахмет, мені қарсы алып, қабылдап эфирге шығарып жатырсыздар.

Кеудемізде тыңдаушыларға айтатын әңгімеміз әрдайым өте көп. Мен Алматыда 40 жыл өмір сүрген кезімде әдебиетіміздің ғажайып ұлыларын көзіммен көріп, олардың қасында жүру бақытына ие болған ақындардың бірімін. Солардан көп нәрсені үйрендік. Біз Ғабит, Сәбит, Әуезовтердің көзін көрдік, кешегі Бауыржан Момышұлының сөзін тыңдадық, кешегі Жұбан Молдағалиевтердің Желтоқсандағы сөзін естідік. Күні кеше дүниеден өткен академик Зейнолла Қабдолов, Қажым Жұмалиевтен дәріс алып, қазақтың талай қабырғалы қаламгерлерімен көшелерде сырластық.
Міне сол күндерді еске алып отырамыз. Өкінеміз. Тәуелсіздігімізге қол жеткізген уақытта жазушы, өнер қауымы қиыншылықты басынан кешіріп отыр. Бірақ қолдан келер амал нешік? Әйтеуір ел аман, жұрт тыныш болсын. Еркіндігіміз баянды болғай!
Ақұштап ақын Азаттық қызметкерлерінің ортасында


- Ақұштап апай, жаңа өкінеміз деп қалдыңыз. Жалпы қазіргі тәуелсіз Қазақстанда ел алдында жүретін өнер адамдарының, зиялы қауымның әлеуметтік ортадағы ролі, орны қандай?

- Өнер, жазушы, дәрігер, ұстаз деген қауым қазір қиындық көріп отырғаны жасырын емес. Біз осыдан ұрпақтың, ұлттың тәрбиесін әлсіретіп алдық - ау деген ой мазалайды мені. Біздің жүрегімізде қазір жазылып жатқан, жазылуға тиіс жаралар көп. Қазір зиялы қауым дегеннің өзін біз жалтақтатып, әркімнің алақанына қаратып қойдық. Ал негізгі зиялы қауым сонау бір тарихтан келе жатқан, өте бір бостандықта өмір сүргендер болатын. Жалғыз аты бар, қамшысын көлденең салып, әнімен шындықты айтып, елді аралап кетсе де олардан сөз, ұрпаққа ұлағат, өсиет қалып еді.

Сондай қауымды біз соңғы кезде экономика деп жағдайды ақшаға тіреп, көздерін жәудіретіп, айтар сөзін айтқыза алмай қалдық. Бұл біздің қазіргі кезде жіберіп отырған қоғамдық қатеміз деп айтуымыз және оны мойындауымыз керек. Сол ұлылықты, зиялылықты көтермесек, біз ертеңгі жас ұрпақ, адамгершілікке баулитын тәрбиеден айырылып, қатыгездікке бой алдырамыз ба деген қаупім бар. Біз де қазір бала, немере тәрбиелеп отырмыз, ұстазбыз, сондықтан болашақтың жастары, біздің даланың ұлы сөзге тоқтайтын мейірімін, тарихи мейірбандығын, сол ұлылығын жоғалтпаса екен деп қызмет етіп жүрміз.

- Ақұштап апай, сіз, әрине, қазір де жалынды, лирикалық, махаббат тақырыбындағы өлең жырларыңызбен қыздарды тәрбиелеп келе жатырсыз. Енді Ақжайыққа барып, Махамбет атындағы университеттің құрметті профессоры, сонымен қатар Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде өзіңіздің дәрісханаңызды, шеберлік мектебіңізді ашқан екенсіз. Бүгінгі жастардың тәрбиесіне сіздің көңіліңіз тола ма?

- Қазір жасыратыны жоқ, біз жас ұрпақ тәрбиесі, әсіресе, ұлттың қызының тәрбиесінен айрылып барамыз деген қорқыныш билейді мені. Өйткені әрбір ұлтқа, жан-жаққа еліктеу арқылы қыздарымыз өзінің негізгі тамырынан алшақтап бара жатыр, қазақтың қызы-ұлттың анасы. Соларға тым болмаса, мына Ресеймен шектескен өзіміздің Ақжайық бойында, ұлттық тәрбиеден көрген білгенімді айтайын деп сонда жүрген жайым бар. Ел дегенде, Қазақстанның бәрі ел, соның ертеңгі қыздары мен ұрпағын дұрыстап өсірсек, ертеңгі күні біз де сенімді боламыз ғой деген аналық тілек қой.

- Ақұштап апай, сол жүргізіп жатқан жұмыстарыңыздың нәтижесінде, жастармен қоян-қолтық араласудан бүгінгі жастардың бойынан қандай бір ерекшеліктерді байқадыңыз?

- Бүгінгі жастар бойында өнерге деген ұмтылу бар, әттең, елдегі жұмыссыздық оларға ойына алғанының барлығын іске асыруға мүмкіндік бермей жатыр. Шетелдің инвесторлары көп, соларға жаутаңдап, тіл үйрену арқылы жалданып жүрген жайлары бар. Осының бәрін реттесе, біздің жастарымыз ешкімнен кем емес, Әлемнің қай жеріне салсаңыз да, біздің қазақ ұлтының жастары азғантай уақытта тіл үйреніп шыға келеді. Осының барлығы өнерге деген құштарлық және қазақ ұрпағында баяғы қыпшақтың намысы бар екені көрініп тұрады. Намысты қыздар, намысты жастар жоқ емес бар, иншалла, болашағымыз жақсы болады деген ойым бар. Әділдік пен шындық жолында күрес әрдайым да жүріп жатады, ол бізге дейін де болған, Абай заманында да болған, бізден кейін де болады. Жайыққа келгенде туған өлеңдер де адамның жүрегіндегі қуанышқа орай жазылған "Оралдым саған, Ақжайықты" оқып берейін алдымен.

- Біз де өлең сұрау бұйымтайын сұхбат соңына сақтап отыр едік.

Өнерге қанат қақтырғаның үшін,
Өмірден орын таптырғаның үшін,
Өзіңе әркез арқамды сүйеп,
Өткір шындықты айттырғаның үшін,
Оралдым саған, Ақжайық!

Көрген-білгенімді айта қалайын деп,
Көңілдер сырын байқап алайын деп,
Жалған күлкілер шаршатқан жанарымды,
Мөлдір айдынға шайқап алайын деп,
Оралдым саған, Ақжайық!

Достарым келсе қарсы алу үшін,
Қосылып бірге ән салу үшін,
Көгілдір туға, егемен елге,
Туған жерімде тамсану үшін,
Оралдым саған, Ақжайық!

Ал Ақұштап ақынның әлі қағаз бетіне түсе қоймаған, көкейде жүрген әділет туралы өлеңін өз аузынан тыңдау үшін мына түймеге басыңыз.
XS
SM
MD
LG