Accessibility links

Еуропа Одағы мен Орта Азияның тұңғыш форумы аяқталды


Еуропа Одағы мен Орта Азия форумынан кейін Еуропалық блоктің Орта Азиядағы өкілі Пьер Моррель мен сыртқы істер министрлері Бернар Кушнер (Франция), Хамрохон Зарифи (Тәжікстан), Марат Тәжин (Қазақстан), Еднан Қарабаев (Қырғызстан) бірлескен баспасөз-маслих
Еуропа Одағы мен Орта Азия форумынан кейін Еуропалық блоктің Орта Азиядағы өкілі Пьер Моррель мен сыртқы істер министрлері Бернар Кушнер (Франция), Хамрохон Зарифи (Тәжікстан), Марат Тәжин (Қазақстан), Еднан Қарабаев (Қырғызстан) бірлескен баспасөз-маслих

Парижде тарихтағы ең алғашқы “Еуропа Одағы - Орта Азия " форумы болып өтті. Оған Еуроодаққа мүше барлық ел мен Орта Азияның 5 мемлекеті қатысып, Ресей, Қытай, Жапония және тағы басқа елдердің делегациялары бақылаушы ретінде келді.

“Париж форумның” барысында терроризм мен есірткі саудасына қарсы күрес, энергетика қауіпсіздігі, экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

“Шекараны білмейтін репортерлер” ұйымы Еуроодақтың өкілдерін Орта Азиядағы сөз бостандығының басып-жаншылуына назар аударуға шақырды.

Еуропа Одағы мен Орта Азияның ынтымақтастығы ешқашан да коммерциялық немесе экономикалық мүдде мен екі жақтың да қауіп-қатерге деген ортақ алаңдаушылығынан асып тереңдей қоймас. Екі жақты бір-бірімен жақындастыратын ортақ мүдделері онша көп емес.

Әрине, екі жақ та Орта Азиядағы саяси тұрақтылық пен қауіпсіздіктің баянды болғанын көздейді. Осы аймақтағы қайсыбір қақтығыс пен бейберекет Орта Азияның қазіргі саяси режимдеріне ғана емес, Брюссельдің де мүддесіне қайшы келеді.

“Париж форумының” соңында оның қожайыны, Францияның сыртқы істер министрі Бернар Кушнер Еуроодақтың Орта Азия өкілдерімен талдаған басты тақырыптарын тізіп келтірді:

“Біз есірткі мен адам саудасы, шекараның қауіпсіздігі, мейлінше кең ауқымда ресурстарды басқару және де терроризм мәселелерін талқыладық”.

Әлбетте, мұнай шикізаты мен табиғи газдың қоры мол Орта Азиямен тығыз ынтымақтасу Еуропа Одағы үшін өте пайдалы. Осы пайдасына жету үшін Брюссель Орта Азия елдерін Мәскеудің ықпалына көне бермей, өзінің көмірсутегі шикізатын Оңтүстік Кавказ арқылы тікелей Еуропаға экспорттауға қажетті инфрақұрылымдарын салуға көндіруге тиіс.

Еуроодаққа Германия төрағалық еткен 2007 жылдың маусымында қабылданған Еуроодақтың Орта Азиядағы стратегиясында Еуропалық блоктың энергетикалық қауіпсіздігі ең өзекті мәселе болып көрсетілді.

Мұнай мен басқа да қуат көздерінің табиғи ресурстары мол Орта Азияның Түркіменстан, Өзбекстан және Қазақстанның өз шикізаттарын ең жоғарғы бағасын бергендерге сатуға мүдделі болатыны анық.

Алайда, табиғи ресурстарының молдығына қарамастан, осы күні аймақтағы 5 елдің мазасын алатын одан да зор проблема бар – ол Ауғанстан.

“Париж форумының” ізінше өткізілген баспасөз-маслихатында ортаазиялық бір министр Ауғанстандағы оқиғалардың өз елінің тағдырына қаншалықты әсер ететіне барынша назар аударды. Тәжікстанның сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи былай деп мәлімдеді:

“Ауғанстанмен ең ұзын шекарасы бар Тәжікстан өзімен бір тілде сөйлейтін және тарихы да ортақ ең жақын көршісін тұрақтандыруға бағытталған өзіндік саясатын жүргізеді. Ауғанстандағы саяси тұрақтылық біз үшін - өз еліміздің ішіндегі тұрақтылықтай қымбат”.

Ауғанстаннан төнген түрлі қатердің алдында Орта Азияның басқа елдері де айтарлықтай әлсіз. Ауғанстанда өндірілетін апиын мен героин – бүкіл әлемдегі осы есірткі түрлерінің 93 пайызын құрайды – сыртқа Орта Азия арқылы тасымалданады.

Алайда аймақтағы авторитарлық режимдерге төнген нағыз қатер – Ауғанстанды өзінің ордасына айналдырып алған ислам радикализмі.

“Париж форумында” Орта Азияның бірде-бір өкілі ислам радикализмін көтермесе де, көпшілігі өз елдерінің ислам қоғамы болып табылатынын айтып жүрді. Соңғы жылдары Өзбекстан мен Тәжікстанда және Түркіменстанда ислам фундаментализмін қудалау күшейе түскен болса, саяси биліктері әлдеқайда либералды Қазақстан мен Қырғызстан фундаментализмнен төнген қатер жоқ деп айта алмайды.

Міне Ауғанстаннан төнген осы қауіп-қатерлер Еуропа Одағы мен Орта Азияның өзара ертерек мүдделес болуына түрткі болды.

“Париж форумында” жұрт онша көп талдамаған тағы бір тақырып – баршаға бірдей “құндылықтар” болды. Бірлесіп қабылдаған құжатта (коммюнике) адамның құқын құрметтеудің маңыздығылы айтылғанымен де, демократиялық реформалар, заңдардың жоғары тұруы немесе азаматтық қоғамды қалыптастыру туралы сөз жазылмаған.

Францияның сыртқы істер министрі Бернар Кушнер осы құндылықтардың Орта Азия елдерінде таяу келешекте орныға қоймайтынын мойындауға мәжбүр болды. Ол атап көрсеткендей, “Париж форумында” Өзбекстан мен Түркіменстандағы саяси тұтқындардың проблемасы көтерілді. Соның салдары болар, Түркіменстанның сыртқы істер министрі Рашид Мередов – Орта Азия елдерінен бірлескен баспасөз-маслихатына қатыспаған жалғыз министр болды.

Мередовтың бұл қылығына осы күні таңертең “Шекараны білмейтін репортерлер” ұйымы мүшелерінің Париждегі түркімен елшілігіне басып кіруі себеп болуы да мүмкін. Халықаралық ұйымның 20 мүшесі елшіліктен Түркіменстан түрмелеріне жабылған журналистердің тағдыры туралы ақпарат беруді талап етті.

2006 жылы Азаттық радиосының тілшісі Огулсапар Мурадова түркімен милициясының абақтысында жұмбақ қазаға ұшырады.

Орта Азия елдерімен осылайша жалаң диалог өткізу – осы аймаққа кең ықпал ету үшін тым аз болатынын Еуропа Одағы мүше елдердің көпшілігі жақсы біледі. Дау жоқ, Орта Азияға Ресей әлдеқайда зор ықпал етіп келеді.

Ал Еуропа Одағы Орта Азия аймағымен қарым-қатынасын, ынтымақтастығын кеңейте алады және кеңейтуге міндетті.
XS
SM
MD
LG