Accessibility links

Қазақстан экономикасы құлдырау алдында


Әлемдік қаржы нарықтарындағы дағдарыс батыстың ірі банктерінің бірқатарын тұралатты. Бүгінгі күні батыс сарапшылары Қазақстанның қаржы мекемелеріне төнген қауіп жайында мәселе көтеруде.

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Қазақстанның экономикалық дамуына қатысты болжамдарын қайта қарап, экономика қарқыны төмендейді деп отыр. Десе де, ХВҚ сарапшылары, Орталық Азияның ірі экономикасы саналатын Қазақстанның болашағы әлі де тартымды көрінеді дегенді де жоққа шығармайды.

Қыркүйектің 22-і мен 26-ы аралығында Қазақстанда болған ХВҚ миссиясы таяуда өз сайтында қазақ экономикасына қатысты мәлімдемесін жария етті. Онда әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай Қазақстан экономикасына әлі де қатты қысым көрсетіп отырғанын және де мұнай мен шикізат бағасының төмендеп кеткенін сөз етеді. Сондай-ақ, валюта қорының миссиясы Қазақстанда жалпы ішкі өнім көрсеткіші бәсеңдей бастады дегенді де ескертеді.

Халықаралық валюта қорының сарапшылары ел экономикасының орта мерзімдік перспективасы мен ағымдағы есеп-шоттар балансы жайында мейлінше сабырлық сақтап, баға береді. «Қыркүйектің соңында шетел валютасы түріндегі мемлекеттік активтер, оның ішінде Ұлттық банк қорлары мен Ұлттық қорды (мұнай қоры) қосқанда 48 миллион долларды құрады, бұл 2007 жылдың орта шеніндегі көрсеткішпен салыстырғанда едәуір жоғары. Биыл ағымдағы сауда балансы да біршама жақсарып қалған, сол сияқты алдағы жылдары мұнай өндіру қарқыны да арта түседі деп жоспарланған», - деп көрсетілген мәлімдемеде.

Әйтсе де, жаһандық қаржы дағдарысы Қазақстанның банк жүйесін тықсыра түскен. ХВҚ миссиясы мемлекет құрған тұрақтандыру қоры банктердің капитализациясын күшейтіп, оларға қолдау көрсетеді деп сенеді.

Reuters агенттігіне берген сұхбатында, Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Тим Таллен, ХВҚ Қазақстан экономикасына қатысты болжамдарын 2008 жылға 5,0 пайыздан 4,5 пайызға, 2009 жылға – 6,0%-дан 5,3 пайызға дейін түсірді дейді.

«Біз экономиканың өсу қарқыны алдағы жылдың орта шенінде қалыпқа келеді деп болжағанбыз, бірақ бұл болжам келер жылдың соңында ғана мүмкін болатын тәрізді, - деп пайымдайды Тим Каллен. – Тұтастай алғанда, біз алдағы жыл Қазақстанға оңай соқпасын түсініп отырмыз, бірақ орта мерзімдік көрсеткіште жағдай айтарлықтай өзгере қоймас»

Өз тарапынан Reuters ақпарат агенттігі, Қазақстан үкіметі экономикалық өсім көрсеткішін ағымдағы жылға 5,3 пайыз деп өзгертті дегенді қосады. Бұған дейін бұл көрсеткіш он пайыз шамасында-тын. Қазақстан соңғы жылдардағы шикізат бағасының қымбаттауы нәтижесінде мұндай қарқынға жақындап қалған-ды. Алайда, ел экспортының 60 пайызын мұнай құрап отырғандықтан, Қазақстан әлем нарықтарындағы жағдайға тәуелді болып отыр.

Британдық іскер басылым Financial Times Қазақстанда дағдарысты активтер қоры құрылып жатқанын сөз етеді. Бұл қор банктердің күдікті қарыздарын сатып алып, қаржы секторын дерттен арылтуға асер етуі тиіс. Қордың жалпы ауқымы 6 миллиард АҚШ долларын құрамақ, оның 1 миллиард долларын үкімет бөлсе, қалған 5 миллиардын нарықтық инвесторлар салуы тиіс. Қазақстан билігінің бұл шарасын британдық басылым АҚШ-тың банк жүйесін құтқармақ мақсатта Конгрестен 700 миллиард доллар сұрап отырған Ақ үйдің жоспарына теңейді.

«Еркін жұмсайтын қаржы-қаражаттың болмауы Қазақстанның 36 банкін қиын жағдайда қалдырып отыр, өйткені олардың активтері мен акциялар пакеті құнсызданып жатыр, ал олардың қарыз қайтарып, сыртқы міндеттерін қамтамасыз ету мүмкіндіктері шектеулі», - деп жазады басылым.

Financial Times басылымының мәліметінше, банктердің міндеттері мен қайтарылмаған қарыздарының жалпы ауқымы 13 миллиард долларды құрайды. Ал, бұл қарыздың басым бөлігі алдағы жылы қайта қаржыландырудан өтуі тиіс. Бұл қарыздардың біразына кепілдік болып отырған мүлік түрі өткен жылмен салыстырғанда әжептәуір құнсызданып кетті.

Қазақстан үкіметінің қор құру әрекетіне қатысты пікір танытқан Citigroup қаржы корпорациясының өкілі Али аль-Эйд газетіне берген сұхбатында: «Бұл жоспардың қалай өрбитіні белгісіз. Бір жағынан алғанда, бұл үкіметтің қолданған шарасы, екінші жағынан алғанда, бұл – банк секторының қиын жағдайына дәлел болардай дабыл іспетті», - дейді ол.

Дағдарысты активтер қорын құру жайындағы ақпарат бойынша Market Watch сайтының қаржы сарапшылары да пікір танытады. «Жаһандық кредит дағдарысынан Қазақстан банктері біраз жапа шегуі ықтимал, себебі, соңғы жылдары шет елдерден қарызды еселеп алған қазақстандық банктер бүгін сыртқы нарықтарға байлаулы, - дейді Global Insight экономисі Венла Сипила. - Әлемдік қаржы нарығындағы қазіргі жағдайда шетел қарыздарын қайта қаржыландыру қиын әрі қымбат шара десе де болады».

Әлемдік танымал басылымдардың экономикаға қатысты болжамдары мейлінше қоюлана түскен. Жаһандық деңгейдегі қаржы алаңдарындағы соңғы жағдайларға қарап, сарапшылар әлемдік нарықтардың ірі ойыншыларының да, дамушы нарықтардың да ертеңгі күні бұлыңғыр деген болжам айтады.

Тағы бір мақаласында Financial Times Қазақстанмен қатар Шығыс Еуропа елдері экономикасының құлдырауын болжап, мәселе көтереді. Бұл арада әңгіме Латвия, Литва, Эстония, Черногория, Сербия, Румыния және Венгрия тұрғысында. Кредит дағдарысының күшейуі қаржы секторына ауыр соққы болып тимек дейді басылым. Standard & Poor’s рейтингтік агенттігінің сарапшылары, сыртқы нарықтарда қайта қаржыландыру мүмкіндігі шектулі болып отырған бүгінгідей жағдайда бұл елдердегі банктердің қарыздары шаш етектен деп көрсетеді.

Әсіресе Балтық жағалауы елдеріне ауыр тимек, өйткені бұл елдердің сыртқы қарызы ЖІӨ-нің ауқымды бөлігін құрайды. Мәселен, Латвияның қарызы 26,2 миллиард долларға жеткен, бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 79 пайызы шамасындағы көрсеткіш. Эстонияның қарызы – 18, 4 миллиард, немесе ЖІӨ-нің 77 пайызы. Ал, Литваның қарызы – 25 миллиард доллар, яғни ЖІӨ көрсеткішінің 53%-ы. Standard & Poor’s бұл елдердің экономикасы құлдырауға шақ қалды деген болжам жасайды.

«Қазақстанның жағдайы да мәз емес, бұл ел кредит дағдарысы алдында капитал нарықтарынан ірі-ірі қарыз ауқымына батып қалған. Бұл қарыздардың басым бөлігі, яғни 35, 7 миллиард доллары шетел инвесторы есебінен биыл өтеледі деп пайымдалған-ды, бірақ инвесторлар дамушы елдердің күдікті қарыздарын сатып алуға асығып отырған жоқ», - деп жазады британдық басылым Standard & Poor’s сарапшыларына сілтеме жасай отырып.
XS
SM
MD
LG