Accessibility links

Демократ Барак Обаманың АҚШ-ң жаңа президенті болып сайлануына байланысты әлем жетекшілері құттықтаулар жолдауда. Нұрсұлтан Назарбаев та АҚШ-ң жаңа президентіне құттықтау жеделхат жіберді деп хабарланды Қазақстан президентінің ресми сайтында.

Шетел үкіметтерінің басшылары Барак Обаманың АҚШ президенті болып сайланғанын қуанышпен қарсы алды. Әлем жетекшілері Обама әкімшілігімен жақсы қарым-қатынаста жұмыс істеуді асыға күтетіндерін айтып отыр. Кейбір мемлекеттердің жетекшілері АҚШ-та алғашқы афро-американдық президенттің сайлануын тарихи кезең деп атап көрсетті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Барак Обаманы АҚШ президентінің сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Бұл жөнінде президенттің интернеттегі ресми парақшасында хабарланып отыр.
Мемлекет басшысы өз жолдауында Барак Обаманы Қазақстан халқы мен жеке өзінің атынан 2008 жылғы 4 қарашадағы сайлауларда айқын басымдықпен жеңіп, АҚШ президенті болып сайлануымен шын жүректен құттықтаған.

"Ядролық қарусыздану мен таратпау ісіндегі ауқымды ынтымақтастықпен басталған мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастар қазіргі таңда Орталық Азия аймағында тұрақтылық пен демократияның нығаюы үшін аса маңызды стратегиялық әріптестік дәрежесіне көтерілді. Біздің байланыстарымыз Иракты тұрақтандыру мен Ауғанстанды қалпына келтіру бағыттарындағы бірлескен күш-жігерімізбен нығая түсті.

Қазақстанның 2010 жылы басқаратын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында Құрама Штаттарының Қазақстанға көрсеткен қолдауына үлкен ризашылық білдіреміз. Бұл біздің «Демократиялық әріптестік туралы хартияда» көрсетілген принциптерге беріктігімізді көрсетеді,-" деп атап көрсетілген Қазақстан президентінің құттықтауында.


Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозу Обаманың сайланғанына қол шапалақтап, Еуропа мен АҚШ арасында жаңарған міндеттемелерге шақырды. Еуропа Одағының қазіргі төрағалығындағы Франция президенті Николя Саркози Обаманың президент болып сайланғандығы Франция мен Еуропада және тағы басқа елдерде үлкен үміт туғызды деп мәлімдеді.
Британия премьер-министрі Гордон Браун Барак Обаманы оның “жігерлі саясаты мен алға жылжытатын құндылықтары және болашаққа деген көзқарасы” үшін құттықтады.

Оңтүстік Африка президенті Кгалема Мотланте “сіздің президент болып сайлануыңыз милллиондаған отандастарыңыз бен миллиондаған африкандықтар үшін үлкен үміт туғызуда” деп атап көрсетті.

Азияда, Қытай президенті Ху Цзиньтао екіжақты қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенетінін айтты. Жапония премьер-министрі Таро Асо АҚШ-ң жаңа жетекшісімен бірге Жапония-АҚШ одақтастығын күшейту бағытында жұмыс істеуге уәде етті.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай “жаңадан сайланған президент Ауғанстанға бейбітшілік пен өркендеу алып келеді” деген үміт білдірді.

Таяу Шығыста, Палестина автономиясының президенті Махмуд Аббас Обаманың жеңіске жеткенін мадақтап, оны Израиль-Палестина бейбітшілік келісіміне қол жеткізу әрекеттерін тездетуге шақырды.
Сыртқы істер министрлігі баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Израиль Америкамен арадағы достықтың жарқын болашағы болады деп сенеді.
Ал Ирақ сыртқы істер министрі Хошияр Зебари Обаманың президент болып сайлануынан кейін АҚШ-тың Ираққа қатысты сыртқы саясаты бірден өзгере қояды деп күтпейтінін айтты.
XS
SM
MD
LG