Accessibility links

Талдықорғандағы өртенген ғимарат үйіндісінен бір адамның денесі табылды


Талдықорғандағы наркологиялық диспансердің емдеу-сауықтыру ғимаратында жексенбі күні болған өрт салдарынан қираған ғимарат үйіндісінің астынан бір адамның денесі табылды, осымен диспансердегі өрттен қаза болғандардың саны 39-ға жетті, — деп хабарлайды Алматы облыстық әкімшілігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, денесі табылған бұл адам құрбан болғандардың тізімінде бұрын болмаған. Өлген адамның денесі диспансер изоляторының орны болған жердегі жарты метрлік үйіндінің астынан табылған.

Ғимарат қыркүйектің 13-і күні таңсәріде өртенген. Өрт шыққан уақытта емдеу мекемесінде 72 адам болған екен. Куәгерлердің айтуынша, ғимараттың ішіндегі науқастар терезенің әйнегін шағып, сыртын құрсаған темір торды сындырып шығып, тірі қалған.

150 орынға арналған бір қабатты наркологиялық диспансердің ғимараты 1951 жылы салынған.

ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың тапсырмасымен өрттің шығу себептері мен құрбандар санын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды, бұл комиссияның шешімімен өрттен қаза болғандардың отбасыларына 1 миллион теңге материалдық көмек көрсетілетін болды.
XS
SM
MD
LG