Accessibility links

Қазақстанда ҰҚШҰ жаттығулары аяқталды


Қазақстанда Жамбыл облысының Гвардейский ауылындағы Мәтібұлақ полигонында «Өзара әрекеттестік - 2009» атты 2 қазанда басталған ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің (КСОР ОДКБ) қатысуымен ортақ стратегиялық командалық-штабтық жаттығулары аяқталды деп хабарлады оны бақылаған Азаттық тілшісі.

Оқу-жаттығуларын бақылаған ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының назарына дұшпанның көзін әуе соққылары және артиллериялық отпен жою, қарақшылық топтарды құрту, олардың әрекеттерінің жолын кесу, Қазақстан мен Ресейдің әскери десанттарын дұшпан топтарына түсіру сияқты техникалық эпизодтар ұсынылды.

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың хабарлауынша, мұндай жаттығулар екі жылда бір рет тұрақты түрде өткізілетін болады, сондай-ақ бұл жолғы жаттығуға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрліктерінің бөлімдері, Ішкі істер министрліктері, Төтенше жағдайлар министрліктері органдарының 15 мыңнан астам адамы, 1500 бронетехника және жүз шақты ұшақ пен тікұшақ қатысқан. Біріккен кешенді жаттығулар аяқталған сәтте мемлекет басшылары жаттығуға қатысқан жеке құрамды тексеруден өткізді.

Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін құрудағы басты мақсат терроризм, экстремизм және есірткі саудасы сияқты қалыптасқан қауіп -қатерлер, техногенді және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою, сонымен қатар халықаралық қауіпсіздікке ҰҚШҰ-ның тиімді үлес қосуын қамтамасыз ету.

Ұжымдық күштерді құру туралы шешім ҰҚШҰ елдері басшыларының 2009 жылғы 4 ақпандағы Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс сессиясы кезінде қабылданған болатын.
XS
SM
MD
LG