Accessibility links

Астана: Бангкокте ұсталған Ил-76 кезінде Қазақстанның есебінде тұрған


Таиланд астанасының әуежайында ұсталған қару тиелген Ил-76 ұшағы Грузиянікі, ұшақ бұған дейін Қазақстанның есебінде тұрған деп мәлімдеді Қазақстанның азаматтық авиация комитетінің төрағасы Рәділбек Әдимолда.

Әдимолданың айтуынша, сөз болып отырған ұшақ 2009 жылы 7 қазанда грузиялық әуекомпаниялардың біріне сатылған және Қазақстан тіркеуінен шығарылған. Сонымен бірге, комитет төрағасы ұшақ экипажының Қазақстан азаматтары екендігін мойындады.

Бұған дейін Грузияның біртұтас көлік әкімшілігінің басшысы Гиорги Бокучава заңсыз қару тасығаны үшін Таиландта ұсталған «Ил-76 ұшағы грузиялық әуекомпаниялардың бірінің есебінде тұр, ұшақ украиналық компанияға жалға берілген» деп мәлімдеген еді.

Қазақстанның СІМ-нің хабарлауынша, Таиланд билігі ұшақты ұстау мерзімін 12 күнге ұзартты. Сонымен бірге, Бангкок қамаудағы азаматтарды кепілге босату туралы қазақстандық өтінішті қанағаттандырған жоқ. Қазақстанның дипломатиялық қызметі оған қарсы апелляциялық шағым түсірді.

Таиланд полициясы 12 желтоқсан күні Бангкок әуежайына қонған Ил-76 ұшағын молынан тиелген қару-жарақ жүгімен ұстады. Экипаждағы бес адам – төртеуi Қазақстанның, ал біреуі Беларусь елінің азаматтары – тергеуге алынды.
XS
SM
MD
LG