Accessibility links

Қытайлық CNPC М.Әбіләзовті теріске шығарды


Қытайдың ұлттық мұнайгаз корпорациясы (CNPC) «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» мұнай өндіруші компаниясының мемлекеттік акциялары жиынтығының Қытай корпорациясына заңсыз сатылғаны туралы БТА Банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбіләзовтің таққан айыбын теріске шығарды. Ол туралы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі хабарлады.

CNPC International корпорациясының Қазақстандағы өкілдігінің мәлімдемесінде Әбіләзовтің айыптары «негізсіз және жала» деп сипатталады. Мәлімдемеде CNPC корпорациясының «өз қызметін әрқашанда заңдылықтарға сәйкес атқарады және бизнестің ең биік этикалық стандарттарын басшылыққа алады» делінеді.

Жыл басында М.Әбіләзов бірнеше мәлімдемесін жариялап, бірінде «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры төрағасының орынбасары әрі президент Н.Назарбаевтың екінші күйеу баласы Темір Құлыбаевты «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының мемлекеттік акциялары жиынтығын заңсыз түрде қасақана арзанға сатты деп айыптады.

Қазақстанның қаржы полициясы М.Әбіләзовтің осы мәлімдемесін тексеруді 2 сәуірде аяқтауға тиіс.

М.Әбіләзовтің өзіне БТА Банктің өте үлкен сомадағы қаржысын жымқырды деген күдікпен халықаралық іздеу жарияланып, үстеніне қылмыстық іс қозғалды. Қазір ол шетелде тұрады. БТА Банктің бұрынғы 12 қызметкері 2 жылдан 8 жылға дейінгі түрлі мерзімге түрмеге кесілді.
XS
SM
MD
LG