Accessibility links



Бүгін әйелімнің туған күні. Тәмпіш мұрын келіншегімнің көңілін көтеріп, бір ғажайып сыйлық әперуге бел будым. Не сыйласам екен?

Тоқта, тоқта, таптым! Ана жолы «Жібек жолы» көшесінен өтіп бара жатқанымда алтын сататын дүкенге бас сұққаным бар. Сонда үстінде кішкентай гауһары бар алтын жүзікке көзім түсіп, қатты ұнатып қалғанмын. Бағасы 100 000 теңге.

Әйеліме осы жүзікті әперіп, айды аспаннан бір-ақ шығарғым келді. Айлығымнан жырымдап, биыл мектепті бітіретін үлкен ұлым грантқа оқуға түсе алмай қалса, ақылы бөліміне төлеймін деп кәртішкеме жинап жүрген біраз ақшам бар еді. Оқудың да, ақшаның да бір мәнісі бола жатыр. Қосылғанымызға жиырма жыл болған уақыттың ішінде әйеліме бір дұрыс сыйлық әпере алмаған еркек атым құрысын!

Үнемі қабағы түсіп, көңілсіз жүретін Айгүлдің гауһары бар алтын жүзікті көргенде бетінің бал-бұл жайнап, жүзінің жадырап сала беретінін көз алдыма елестеткенде көңілім толқып, жүрегім елжіреп қоя берді.

Жалма-жан кастюмімнің төс қалтасындағы кәртішкемді алып, үйге жақын орналасқан үлкен сауда-саттық дүкенінің алдындағы банкоматқа келдім. Кәртішкемді банкоматқа сала бергенімде бір құдіретті күш қолымнан тартып тоқтатқандай болды.

Тоқта, тоқта, Бауыржан! Не істегелі тұрсың ақымақ? Бес жыл бойы ипотекаға алған бір бөлмелі үйіңнің ақшасын әйелің екеуің жабылып, әрең-әрең төлеп жүрген түрлерің мынау. Балаң грантқа түсе алмай қалса, оны қай ақшаңа оқытасың? Мына заманда басқаны былай қойғанда туған бауырыңнан бір тиын сұрап ала аласың ба? Ұлыңның да өзің секілді оқи алмай, базарда тұрып, соры қайнап сауда жасағанын қалайсың ба?

Әсіресе, белгісіз күштің соңғы сөздері сыйлықты алғым келген райымнан тез қайтарды. Жүнім жығылып, басым салбырап, жыл бойғы әдетімше бір тал гүл, бір бөтелке шарап пен бір қорап кәмпит алып үйге келдім.

Әйелімді құтықтап, гүлін беріп, бетінен сүйдім. Ас дайындайтын бөлмеге кіріп, палауға тойып алып, шарап ішіп көңілденгеннен соң бүгінгі заманның байларын жамандауға кірістім.

Кітап оқымайтын, мәдениеті төмен, бүгінгі заманның тоғышар байларын жамандау – бұл үйдегі менің ең негізгі жұмыстарымның бірі. Үйреншікті әдетіме тағы да басып:

- Қазақтың бизнесмендері мен байларының бәрі шетінен көрсеқызар. Ана жолы бір бизнесмен 100 000 доллардың алтын сағатын тағып алыпты. Өмірінде түк көрмеген байғұстар ғана осындай түкке тұрмайтын дүниеге соншама ақшасын шашады, – дедім мен көңілім көтеріліп, сағаты жоқ қолымда аспанға сермеп.

Әйелім мені үнсіз ғана тыңдап, ішінен күрсінгендей болды да, ыдыс-аяқтарды жууға кірісіп кетті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG