Accessibility links

Қазақша сөйлеудің кілті де – иманда!


Қазақ блоггері Ертай Нүсіпжанов
Қазақ блоггері Ертай Нүсіпжанов
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, ұлттығымыз бір жағынан батыстың сойқын соққысына түсіп жатса, енді бір жағынан шығысымыз шырқымызды қашыратындай алаңдаулы күйде жүрміз. Бұл жайымызды кейбіреулер «бұл қазақтың құрығаны…» деп асығыс пікір айтып қалып жүр. Алайда барды – бар, жоқты – жоқ деуіміз керек. Яғни, қайсар елдің ұрпағы тірі тұрғанда, оның басын көрге тықпалаудың еш қисыны жоқ. Алайда қазіргі қазақ ертеңіне қатты алаңдаулы екені шындық.

Осы күні тиын санап экономикадағы есебімізді түгендеумен келеміз. Билік көп жағдайда бұқараға бергені мен беретінін айтумен келеді. Ал қалың ел бергенін қанағат қыла алмай, беретінін күтумен жүр. Қазіргі нарық заманы бізді осындай бейшара күйге қалдырды. «Бейшаралық» дегенді біреулер материалдық жағдайдың таразысымен өлшейтін болар?! Жоқ! Олай емес! Әлеуметтік ахуалымыз шүкір. Алланың қалауы, ата-бабамыздың маңдай терімен келген байлығы әр қазақтың астына алтыннан арба соғып мінуіне дейін жетеді. Бірақ сол байлыққа қазақтың өзі қожалық ете алмай жатқан сияқты…

Біздің бейшара жағдайымызды астымызға басып отырған байлығымызды басқалардың барымталауынан-ақ байқауға болады… Сондағы бейшаралық дегеніміз не болды?! Әрине, ол біздің рухани құлдырап бара жатқандығымыз. Сол себептен де, ұлттығымыз қашан да ұтылумен келеді. Қазақ – иманды халық! Ал иманынан адасқандарды қазақ деуге болмайды! Ана тіліміздің бала тіліндей былдырап қалуы да сол иманынан адасқандардың кесірінен болып жатқан жағдайлар деп санаймын.

Әлем елдері экономикалық дағдарысқа ұшырап жатса, қазақ рухани дағдарыстың дауына ілікті. Дініміз бен діліміз талан-таражға түсті. Тіліміз екі тілді жыланнан асып, үш тілді құбыжыққа айналып барады… Біздің бейшаралығымыз осы деп ойлаймын. Теңгемізді емес, тегімізді түгендейік! 2030-дағы «ғажап өмірімізден» де, сауабымыз санаққа түсуге аз-ақ өміріміздің қалғанын ойлайық!..

Иманды қазақтың арына дақ түсірмей, әрқайсысымыз ұлттығымыздың кірленбеуін көбірек ойлайық. Иман түгенделгенде ғана бәрі орнына келетіні – ақиқат! Жас Қазақстан кешегісінен қуат алып, ертеңіне сеніммен қарайтын иманды жастарды да өсірді. Демек, ел ертеңі де соларда деп сенемін. Ал иманды жан өзінің дінін де, ділін де, ұлтын да, тілін де оңай табады! Ал иман діннің өзегі десек, ұлтты дін сақтайды, керісінше емес!

asspankz@gmail.com
http://ertai.dosym.kz
XS
SM
MD
LG