Accessibility links

Баяғыда Ақеділ Тойшанұлы ағамыз Мұхаңа, Мұхтар Мағауинге: «Ащы шындықты байқаңқырап айтпасаңыз, өзіңізге кеселі тиіп жүрмей ме?!» дегенде Мұхаң: «Көз көргенді ауыз айтпаса, өзіңе мәкүріп болады. Ондай мәкүріпті ішке сақтап өзімді былғай алмаймын» деп жауап беріпті. Сол сияқты көз көрген шындықты түрте жүру менің де блог жүргізе бастағаннан бергі әдетіме айналды.

Адам өмірінде бірер жұмыстың басын ұстап, нұсқасын қайыратыны бәрімізге аян. Мейлі, қандай жұмыс болмасын – жұмыстағы кісі өзінің ресми жұмысына жеке бастық сезімін, позициясын араластыруға боламайды. Ал, араласты болды – сол кісінің алдындағы әлеумет, басқа да адамдар жағынан іштей жеккөрініштілік сезімі туындайды. Бұл құбылысты мен Қазақстанға ат басын тірегеннен бері күн сайын алдымнан кездестіріп отырамын. Басқаны айтпағанның өзіне, өзім оқитын журналистика факультетінің бір бөлім ұстаздары да аталған көзқарастан ада емес. Мұғалімдер аудиториядағы тәрбиешілік қызметі барысында көңіліне жаққан бір студенті мейлі сабақты нашар оқыса да, әлгі ұстаздың көңіліне жақпай қалған басқа бір талантты, оқуда үздік студенттен бағасы әлде қайда жоғары және алда жүреді. Оны көзіміз көрді.

Қызмет принципі мен жеке бастық сезімнің араласуы, меніңше, қазіргі Қазақ қоғамындағы көзге көрінбейтін ең өзекті қоғамдық дерттердің біріне айналған.

Бүгін Алматы қаласындағы Алматы облыстық Көші-қон полициясына виза аштыруға бардым. 9-кабинеттегі құжат қабылдаушы мені 8-кабинеттегі Бауыржан есімді бастыққа қол қойдыруға жіберді. Бауыржан менің жұмысымды қанаттас бөлмедегі Қайрат есімді азаматқа жөнелтті.

Қайратты күтіп тұрмын. Келді. Құжаттарымды көрді.

– Жә, не керек, бауырым?

– Қытайға виза керек.

Дәл осы кезде менің қасыма Қайрат мырзаға күле сөйлеп бір кісі келіп тұра қалды. Қайрат:

– Неге күлесің, ей, бір жерім жыртық па екен?

– …

– Әнеу күнгі жұмыстарың не болды, машинаң жөнделді ме?

– …

Мен далада қалдым.

– …

– …

Сөйлесіп болып Қайрат маған қарады:

– Жұма күні кел.

* * *

Орта мектептегі шағымда белгілі бір журналдан қытайдың сатирик жазушысы жазған мынадай әңгімені көзім шалып, оқыған едім:

«55-ғасыр. Археологтар мұз қабатынан бір адамды қазып алды да, оны адам тірілту орталығына апарып тірілтіп алды дейді. Сосын қазба жұмысын жүргізгендер әлгі адамнан сұрақ сұрай бастады. Қазып алынған адамның өзі тіршілік кешкен кездегі өмір болмысы түгелдей есіне түскен екен.

Сұрақ: Сіздердің қоғамда өмірге ең қажетті нәрсе не?

Жауап: Біздің өмірімізге ең қажетті нәрсе, ол – ақша.

Сұрақ: Кешіріңіз, бізге ақшаның не нәрсе екенін түсіндіріп бере аласыз ба?

Жауап (ол қиналып сәл отырда да): Ақша деген – біртүрлі қағаз. Ақшаға сіз барлығын сатып ала аласыз.

Сұрақ: Одан басқа да қандай маңызды қажеттіліктеріңіз бар?

Жауап: Адамдарға ақшадан басқа түрлі құжаттар өте қажетті еді біздің дәуірде. Мысалы, төлқұжат, үй құжаты, машина куәлігі, диплом.

Сұрақ: Ғафу өтінеміз, құжат деген не екенін айтып бере алмас па екенсіз?

Жауап (адам тағы қиналып кетті): Қалай айтсам болар екен... Құжат деген де бір түрлі өте құнды, әрі болмаса болмайтын қағаздар.

Археологтар қорытынды пікір жазатын орынға былай деп жазды: «21-ғасырдағы адамзат қағаз апатынан құрып жоғалған».

* * *
Әңгіме тым ұзақ емес, бірақ өте ашынышты жағдай. Мейлі, жұмыстың атқарылуы қалай болмасын – ең алдымен азаматтардың жастайынан қалыптасқан тәрбиесі оған тұғыр болып отыр деген сөз. Ол тәрбиені кім береді? Ата-ана бере ме? Оқытушы бере ме? Жоқ, екеуі де емес. Әр екі жақ та – тек қоғамның бір-бір мүшесі ғана. Азаматтың өмірге, адамдарға, кәсібіне байланысты барлық көргенділік пен ұстанымдарын өзі өмір сүрген қоғамы береді. Қоғамдық шындығы береді. Менің разы болмайтыным да осы.

http://kazprose.wordpress.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG