Accessibility links

Пхеньян АҚШ-ты санкцияларға қарсы "нақты әрекетке барамын" деп қорқытты


Солтүстік Корея АҚШ-тың Пхеньянға қарсы жаңа санкциялар дайындалып жатыр деген мәлімдемесіне қарсы «нақты әрекетке барамын» деп қорқытты.

Бұған қоса, Пхеньян АҚШ пен Оңтүстік Кореяның Жапон теңізінде әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы жоспарын қатаң сынады. Солтүстік Корея делегациясының өкілі Ри Тонг Ли бүгін қауіпсіздік жөнінде Ханойда басталған саммитте, әскери оқу-жаттығулар Солтүстік Кореяның тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді деп мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон бұған дейін Вьетнам астанасындағы саммитке қатысушыларды Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшейтуге шақырып, Пхеньян аймақ қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр деп мәлімдеген еді.

Жаңа санкциялар туралы шешімнің қабылдануына Оңтүстік Кореяның «Чхонан» әскери корветінің суға батуына қатысты алықаралық тергеу қорытындысы түрткі болды. Халықаралық комиссия апат болған орында Солтүстік Корея қолданатын торпедо қалдықтарының табылуына байланысты, бұл шабуылға Пхеньянның қатысы болуы мүмкін деген тұжырым жасады.

АҚШ-тың жаңа санкциялары Солтүстік Корея басшылығына қатысты болады. Олар Пхеньянның ядролық бағдарламасына қарсы енгізілген санкциялар негізінде дайындалады.
XS
SM
MD
LG