Accessibility links

Екіжүзділік


Тәуелсіз басылымдардың біріне берген сұхбатым жарық көре салысымен, есімі елге танымал бір ақын құрдасым хабарласты. Амандық-саулық сұрасқан соң, газеттегі сұхбатымды оқығанын айтып, елдің, жердің, қазақ тілінің тағдыры туралы ойларыма дән риза болғанын да жасырмай, ағынан ақтарылды. Оның елгезектігіне менің де көңілім марқайып, әңгімеміз ұзаққа созылып, бір сағаттай телефонмен сөйлестік.

Замандасымның да жүрегін ауыртып, жанын кеміріп жүрген жәйттар аз емес екен. Бүгінгі шенеуніктердің қазақтың мұң-зарына құлақ аспай, ұлтты езіп-жаншып отырғанын сөз қылып, оған нақты мысалдар келтіргенде, замандасымның білімдарлығына таң қалып, аузымды ашып, көзімді жұмдым. Әңгіме соңында таяуда «Жас алаш» газетіне бір топ өлеңдерінің жарияланғалы жатқанынан хабардар етіп, көзіме түссе оқып шығып, пікір білдіруімді өтінді.

Бірнеше күннен соң «Жас Алаш» айғайлатып, ақынның ақберен жырларын жариялады. Алмастың жүзіндей өткір өлеңдер маған қатты әсер етіп, жанымды толқытып, жүрегімді елжіретті. Төбет тоқтығына мәз болған шенеуніктердің оспадарлығы, Қазақстанның жер асты, жер үсті байлығының талан-таражға түсіп тоналуы, мемлекетті құрдымға батырып бара жатқан сыбайласқан жемқорлық, әділетсіздікке қарсы шыққан арыстай азаматтардың қайғылы жағдайда қаза табуы секілді талай дүниелерді ақын ашына толғап, бәріміздің де көкейімізде жүрген ойды, батыл-батыл айтыпты.

Мұндайға қалай риза болмайсың! Дереу оған телефон шалып, батылдығына сүйсінгенімді жасырмай, ризашылығымды білдірдім.

Ақын жырларының әсер еткені соншама, сол жолы көңілім дауыл күнгі дариядай толқып, түннің бір уағына шейін ұйықтай алмадым. Ойым сан саққа жүгіріп, темекі шегу үшін сыртқа шықтым. Аспандағы жұлдыздар да қазақ рухының өлмегенін сездіргендей, самаладай жарқырап тұр. Жүрегім елжіреп, осындай зиялылары бар халықтың келешегіне сенгім келді. Рухым тірілгендей, жүрегімде үміт оты оянғандай болды.

Содан бері бірнеше айдың жүзі өтті. Газетке берген сұхбаттарымда ақын құрдасымды да кейде мақтап, азаматтығын жоғары бағалайтын зиялылардың қатарына қосып жүрдім.

Алайда, таяуда ресми басылымдардың бірінен мақтап жүрген замандасымның өлеңдер топтамасын оқып, өзге түгіл, өзім де күтпеген кездейсоқ жағдайда, оның шынайы бет-бейнесін басқаша қырынан танығанымда, дүниеден түңіліп кете жаздадым.

Газеттің бірнеше бетінде жарияланған ақынның бұл жолғы өлеңдері әкім-қаралар мен шенеуніктерді мақтауға, олардың саясатын мадақтауға арналыпты. Тіпті, жағымпаздықтың жалауын желбіреткен құрдасым өлеңінің бір жерінде тым артық кетіп, билікке қарсы сөз айтқандарды атып тастаса да обалы жоғын айтып, еркін көсіліпті.

Түн ортасы. Қанша тырыссам да көзім ілінбей, ұйқым шайдай ашылып, далаға шықтым. Көктегі жұлдыздар мені мазақ қылғандай жымың-жымың етеді. Аппақ сезімім бір жаман нәрсеге былғанып қалғандай, көңілімде бір жиіркеніш бар. Бірақ ақын құрдасымның екіжүзділігіне емес, басқа, басқа бір нәрседен жиіркенгендеймін...
XS
SM
MD
LG