Accessibility links

Грузия оппозициясының Тбилисидегі шеруін полиция күшпен таратты


Грузия полициясының арнайы жасағы мінген автокөлік. Тбилиси, 26 мамыр 2011 жыл.
Грузия полициясының арнайы жасағы мінген автокөлік. Тбилиси, 26 мамыр 2011 жыл.
Тбилисиде парламент алдына наразылық шеруіне жиналған грузин оппозициясын полицияның арнайы жасағы су мен көзден жас ағызатын газ қолданып, күшпен таратты.

Полиция оппозиция жиынына қарсы операциясын түн ортасы ауғанда бастады. Ішкі істер министрлігі таратқан мәлімдемеде, оппозицияға жиын өткізуге қала мэриясы берген мерзім мамырдың 25-і күні бітсе де, олардың алаңды босатпай, «заңды бұзғаны» айтылған.

Грузия ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шота Утиашвили алаңнан асығып кетіп бара жатқан автокөлік бір полиция қызметкерін басып кетіп мерт қылған деп мәлімдеді. Сондай-ақ шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыста екі жақтан да жарақат алғандар бар екендігі хабарланып отыр.

Оппозиция өкілдері полиция күштері алаңда болған ондаған адамды ұстап әкетті десе, ресми орындар бірнеше адамның ұсталғанын айтқан.

Грузия оппозициясы 2003 жылы «раушан төңкерісі» нәтижесінде билікке келген қазіргі президент Михаил Саакашвилиді «авторитарлық билік орнатты» деп айыптап, дереу отставкаға кетуін талап етіп отыр.
XS
SM
MD
LG