Accessibility links

Клинтон Тәжікстанда діни бостандық мәселесін көтерді


АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон. Душанбе 22 қазан 2011 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон. Душанбе 22 қазан 2011 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Тәжікстанда азаматтардың діни бостандығына қатысты шектеулерге байланысты өз алаңдаушылығын білдіргенін мәлімдеді.

Сенбі күні Душанбеде Тәжікстан сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифимен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Клинтон діни бостандыққа шектеу жасауға өзінің қарсы екенін айтып, мұндай шектеулер «экстремизмнің» дамуына түрткі болуы мүмкін деп атап көрсетті.

Душанбеде тәжік азаматтарымен кездесуі барысында Клинтон Вашинтон Тәжікстанда адам құқықтарын қолдайды деп мәлімдеді.

«Біз тәжік азаматтарының лайықты білім алу, жерді иелену, еркін және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына ие болу, саяси процеске бірдей қатысу құқықтарын сонымен қатар негізгі адам құқықтарына ие болуын қолдаймыз», - деді Клинтон.

Оның айтуынша, Вашингтон барлық ер адамдар мен әйелдердің діни бостандығына сенеді.

«Біз негізгі бостандықтар, оның ішінде барлық адамдардың, жастар мен қариялардың, ер адамдар мен әйелдердің діни еркіндігі қорғалуы тиіс деп сенеміз», - деді Клинтон.

Жұма күні Тәжікстанға алғашқы ресми сапармен барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Душанбеде Тәжікстан жетекшілерімен кездесті. Ол сондай-ақ аймақтағы есірткі саудасына және исламшыл бүлікшілерге қарсы күрес мәселесін талқылады.

Душанбеден кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Өзбекстанға барады. Хабарларға қарағанда, Клинтон Өзбекстанда да адам құқықтарына қатысты алаңдаушылықтарын көтереді.

Тәжікстанның алдында Клинтон осы аптада Ауғанстан және Пәкістанда болып, Ауғанстандағы АҚШ жетекшілік ететін коалиция күштеріне шабуылдайтын бүлікшілермен күресте ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
XS
SM
MD
LG