Accessibility links

Түркімен рэперлері сотталып жатыр


Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғадат, 17 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғадат, 17 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Үкіметтің рэп музыканы таспаға жазып, таратуға тыйым салғанына қарамастан түркіменнің рэп топтары күннен-күнге танымал болып, көбейіп барады. Түркімен жастары үшін рэп музыка саяси режимге ішкі қарсылықтарын білдіретін құралға айналды. Осындай тәсілмен олар әлемдегі ең репрессивті жүйенің бірін өзгерткілері келеді.


«Көздеріңді ашыңдар, айнаға көз салыңдар. Айналаға қараңдар. Тоқтап тұрмаңдар. Ояныңдар! Жетер енді, жетер!» деген өлең жолдары сіз ойлағандай астаң-кестең саяси-әлеуметтік өзгеріске шақырып тұрған ұран болып көрінбеуі мүмкін.

Алайда, әлемдегі ең репрессивті, әрі ең жабық қоғам орнаған Түркіменстанда осындай әдіспен меңзеп қана өзгеріске шақырған өлеңдердің өзі елдегі авторитарлық режимге тікелей қатер деп саналады.

ЖАСЫРЫН ӘН ЖАЗУ

Түрмеге түсу қаупінің ұлғайғанына қарамастан үкіметтің шектеулерімен күрескен рэп әншілердің саны мен танымалдығы артып барады.

Рэп өлеңдерді жазып, таратуға ресми түрде тыйым салынбаған. Бірақ, аздап «артық кеткен» рэп музыканттарды жазалағанына қарап, рэперлер аяқтарын аңдап
Түркменстан рэперінің сахнаға шығу үшін киген киімі. Сурет Youtube сайтынан алынды.
Түркменстан рэперінің сахнаға шығу үшін киген киімі. Сурет Youtube сайтынан алынды.
басып, ауыздарын байқап ашулары керек.

Көптеген рэп топтары өздерінің өнімдерін таратудың жаңа жолдарын тауып жатыр. Олардың көбі шығарған әндерін достарының студияларында жасырын жазады да, YouTube не болмаса ұялы телефондар арқылы таратып жібереді.

Кейбір әншілер мемлекет рұқсат еткен музыкаларды ғана жазуға міндетті студияларда үкіметтің қаһарынан қорықпай өлеңдерін жазып, бастарын тәуекелге тігіп жүр.

Германияда тұратын Тахир Шир Мухаммади есімді түркімен журналисінің айтуынша, түркімен жастары үшін рэп музыка күн сайын бастан кешетін қиындықтары мен үкіметтің репрессивті саясатына қарсылығын білдіретін құрал боп тұр.

- Түркімен рэп әншілері саяси және әлеуметтік проблемалар туралы ән салады. Жастар арасындағы жұмыссыздық, нашақорлық, басқа да шектеулер мен қысымдар туралы сахнада айтады. Осындай проблемаларға олардың жандары ауырады. Алайда, Түркменстандағы репрессивті саяси ахуалға байланысты өздерінің саяси ой-пікірлерін ашық білдіре алмайды, - дейді ол.

РЭПЕР МАРОНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Түркімен рэп әншілерінің басына төнген қауіп пен қысым жай қорқыту емес. Себебі 2011 жылы елдегі танымал рэп әншілердің бірін билік өкілдері қамауға алып, соттап жіберді.

Ол туралы мәліметтер толық емес. Бірақ, бейресми ақпарат көздерінің айтуынша, сахнада «Маро» деген атпен танылған әнші Мақсат Қақабаев, өткен жылдың қаңтар айында Ашхабадта ұсталып, 15 күнге уақытша тергеу абақтысына қамалған.
Аз уақыттан соң Маро екі жылға бас бостандығынан айрылады. Артынша оның әкесі, ағасы тіпті жездесі де сотталып кетеді.

«Адамның бәрі сынақ үшін туған. Қасиеттеріңді жоймаңдар! Өздеріңе сеніңдер! Әйтпесе, тым кеш қаласыңдар! Оян! Оян!»


Үкімет Мароның не себепті қамалып, сотталғаны туралы ресми ақпарат берген емес. Алайда Мухаммади сияқты түркімен журналистері Мароның сотталуы оның өнерімен байланысты дейді. Оның Түркіменстан үкіметі рұқсат берген этно-поп стиліне ұқсамайтын әндерінде саяси астар басым болған.

Көпшіліктің ойынша, Маро айтқан әндердің біреуі билікке жақпай қалған. Оның «Оян! Оян!» деген әнін үкімет адамдары «режимге қарсы халықты күреске шақырып жатыр деп тәпсірлеген».

«Адамның бәрі сынақ үшін туған. Қапы қалмаңдар! Қасиеттеріңді жоймаңдар! Өздеріңе сеніңдер! Әйтпесе, тым кеш қаласыңдар! Оян! Оян!» деп ән салады Маро.

ТЫЙЫМ САЛУ ЖАЛҒАСА ТҮСТІ

Түркімен музыканттарының биліктің қаһарына ұшырағаны бір бұл емес.

Елдің бірінші президенті Сапармұрат Ниязов көзі тірісінде батыстық өнердің барлық түріне тыйым салған. Оппозициялық «Гундогар» веб-сайтының айтуынша ол көптеген мәдениет ошақтарын «батыс өнері түркімен менталитетімен үндеспейді» деген желеумен жоқ қылған.

Одан бөлек: «Президент мұндай тыйым салу жөнінен алдына жан салмаған. Ол 2001 жылы опера, балет, цирк және көптеген сахналық қойылымдарды тоқтату
туралы жарлыққа қол қойды» деп жазды осы сайт. Сапармұрат Ниязовтың 2006
Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов сахнада ән айтып тұр. (YouTube сайтындағы видеодан алынған скриншот).
Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов сахнада ән айтып тұр. (YouTube сайтындағы видеодан алынған скриншот).
жылы қайтыс болуы мен оның орнына басқа президенттің келуі, елдегі өнер адамдарының өміріне игі әсер етер деген жаңа үміт оянған еді.

Алайда жаңа президент Гурбангулы Бердімұхаммедов та осыған ұқсас жарлықтарға қол қоя бастағанда алдыңғы үміт желге ұшты. Соңғы шыққан сол көп жарлықтың ішінде «сахнадағы әйелдер батыстық үлгідегі киімдерді емес, тек түркіменнің ұлттық киімдерін ғана кисін» деген де бап бар.
XS
SM
MD
LG