Accessibility links

Полиция қастандыққа күдіктілерді сипаттады


Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті "Уральская неделя" газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа шабуыл жасады деген күдіктілерге іздеу жариялады.

Полицияның айтуынша, "жастары 18-20 шамасындағы, арықтау, бойлары 170-175 сантиметр, азиялық нәсілдегі үш жігіт" күдікке ілінген. Олардың бірі күләпарасы бар қара спорттық костюм, екіншісі де ақ жолағы бар осындай киім киген дейді полиция.

Орал қаласы мен облыс тұрғындарынан көмек сұраған полиция қылмысты ашуға себі тиген адамдарға көлемді ақшалай сыйлық берілетінін хабарлады.

«Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа сәуірдің 19-ы түнде үйінің қасында қарулы қастандық жасап, оны сегіз рет пышақтап, травматикалық қарумен атып кеткен. Орал қаласындағы облыстық клиникалық ауруханасында операция жасалған журналист қазір есін жиып, өздігінен тыныс алып жатыр.

Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлімі, 96-бабының 1-бөлімі (қасақана адам өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
XS
SM
MD
LG