Accessibility links

Алматы облысында қарасан індеті шықты


Сиыр. Қазақстан, 2009 жыл.

Сиыр. Қазақстан, 2009 жыл.

"Эксперсс К" және "Казах Зерно" ақпарат құралдарының хабарлауынша, қазанның 26-сы күні Алматы облысындағы Жаңалық елді мекенінде төрт адамға қарасан (сібір жарасы) жұғып, ауруханаға түскен.

Ауруханаға түскендердің үшеуінің диагнозы қарасан болып шыққан. Төртінші адам тексеріліп жатыр. Науқастардың жағдайы орташа.

Облыстық СЭС мамандары науқастардың ауруды сиыр сойған кезде жұқтырғандарын анықтаған. Аурудың алғашқы белгілері білінген соң да науқастар өзін өзі емдеп жүре берген. Олар денелеріне жара шыққан кезде ғана дәрігерге қаранған. Төртінші науқастың денесіне әлі жара шықпаған.

Аталмыш ақпарат құралдарына сұқбат берген Алматы облысының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің директоры Ерғали Сыдыманов:

– Науқастармен байланысы бар жүз шақты адамды бақылауға алдық. Ауылда карантин жарияланды, мамандар мал басын тексеруге кірісті. Ауыл тұрғындарының қорасында 89 сиыр мен екі жылқы бар, - дейді.

Жаңалық ауылында қарасан 1978 жылы болған еді. Сол жылы шошқа базындағы барлық шошқа қырылып қалған. Осы жолы да қарасан бұрынғы шошқа базының орнына салынған шаруа қожалығынан шығып отыр.
XS
SM
MD
LG