Accessibility links

Астанада жалған бомбамен ұшақ талап еткен адам ұсталды


Астана әуежайы. Фото www.esilastana.kz сайтынан алынды.
Астана әуежайы. Фото www.esilastana.kz сайтынан алынды.
Астанада денесіне жалған бомба тағып, Еуропаға дейін ұшақ беруді талап еткен жас жігіт ұсталғаны туралы ақпарат бүгін Қазақстан ішкі істер министрлігінің сайтында жарияланды.

Жұма күні жергілікті уақытпен сағат 22.10-да Астана әуежайының полиция бөліміне үстіне жарылғыш затқа ұқсайтын нәрсе тағып алған белгісіз ер адамның әуежай ғимаратының маңына келгені туралы шұғыл ақпарат түскен. Әлгі адам өзін Еуропа елдерінің біріне дейін жеткізетін ұшақ берілмесе әлгі затты жаратынын мәлімдеген.

Дабыл бойынша әуежайға полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті, төтенше жағдайлар қызметі мен прокуратура өкілдері жеткен. Полиция қызметкерлері ұшақтың басқа алаңнан ұшатынын айтып, әлгі адамды полицияның көлігіне отыруға көндірген. Көлік ішіндегі келіссөздерден соң белгісіз адам үстіндегі затты шешіп, полицияға тапсырған. Кейін арнайы қызмет өкілдері беймәлім зат қолдан жасалған бомбаға ұқсас болғанымен, оның жарлығыш зат емес екенін анықтаған.

Қазір 18 жастағы жас жігіт полицияда қамауда отыр. Ол Ақмола облысындағы Степногорск қаласының тұрғыны, бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотты болған деп хабарлады полиция.

Оның үстінен Қазақстан қылмыстық кодексінің 242 бабы бойынша (терроризм актісі туралы жалған хабар) қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG