Accessibility links

CPJ Назарбаевтан тәуелсіз баспасөзге араша сұрады


Журналистерді қорғау комитетінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хаты. www.cpj.org сайтынан скрин-шот.
Журналистерді қорғау комитетінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хаты. www.cpj.org сайтынан скрин-шот.
Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists - CPJ) халықаралық ұйымы Қазақстанда тәуелсіз баспасөз құралдарына қарсы жүргізіліп жатқан қысымды тоқтатуды сұрап президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдады.

CPJ өз хатында Қазақстанда ондаған бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы қуғын-сүргіннің жалғасып жатқанына қатты алаңдап отырғанын білдірген. Қазақстан прокуратурасы мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) іс-қимылдары өткен айда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесіне қабылданған Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы екендігін атап көрсеткен CPJ атқарушы директоры Джоэль Саймон президент Назарбаевты "барлық мүмкіндіктерді осы қысымды тоқтатуға пайдалануға" шақырған.

"Президент мырза, сіздің мемлекет басшысы ретінде осы іске араласып, бас прокурордан баспасөз құралдарына қарсы айыптауларды алып тастауды талап етуіңізді сұраймыз" делінген ашық хатта.

"Журналистерді қорғау комитеті" бұл биыл Қазақстанда тәуелсіз және оппозициялық басылымдарға қарсы қысымның екінші толқыны екенін атап жазған. Хатта биылғы қаңтар айында былтыр Жаңөзенде болған жағдайды жазған тәуелсіз басылымдар мен журналистердің ҰҚК тарапынан қуғын-сүргінге тап болғаны айтылған.

Қарашаның 21-і күні Алматы қаласының прокуратурасы соттан тіркелмеген «Алға» партиясы мен «Халық майданы» қоғамдық бірлестігін экстремистік деп тану, «К-плюс», «Взгляд» сияқты бірнеше ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салуды сұрап талап-арыз түсірген. Алматының Бостандық аудандық соты желтоқсанның 20-сы күні «Взгляд» газетін жабуға үкім етті.

Одан бір күн бұрын Алматыда «Голос республики» газеті мен Stan.kz бейнепорталының кеңселерінде күні бойы тінту жүрді. БАҚ өкілдерінің айтуынша, ҰҚК олардың барлық техникасын тәркілеп, кеңсесін жауып кеткен.
XS
SM
MD
LG