Accessibility links

Уго Чавес инаугурациясына қатыса алмайды


Венесуэла президенті Уго Чавес.

Венесуэла президенті Уго Чавес.

Венесуэла үкіметі президент Уго Чавестің 10 қаңтарға белгіленген ұлықтау рәсіміне қатыса алмайтынын растады.

Бұл туралы әңгімелер бұған дейін де айтылған. Бірақ бұл жолы үкімет Чавестің денсаулығына байланысты ұлықтауға қатыса алмайтынын ресми түрде растап отыр. Ұлықтау рәсімі белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.

Венесуэла оппозициясының жетекшісі Энрике Каприлес жоғарғы соттан Чавестің денсаулығына байланысты туындаған жағдайға түсінік беруді талап етті.

Оның пікірінше, конституция бойынша Чавес 10 қаңтарда ант қабылдай алмаса, ұлттық ассамблея жетекшісі жаңа сайлаулар өткенше президент міндетін атқара тұруы тиіс. Бірақ Венесуэла үкіметі президенттің инаугурациясы тек сырт көз үшін жасалатынын хабарлайды.

Уго Чавес бір айға жуық уақыттан бері Кубада ауруханада жатыр. Ол қатерлі ісіктен емдеу үшін операция жасатқан. Бұдан соң оның жағдайы ауырлаған еді. Бірақ елдің ақпарат министрі Эрнесто Вильегас соңғы мәлімдемесінде "президенттің жағдайы тұрақты, оған ем қонып жатыр" деді.
XS
SM
MD
LG