Accessibility links

Сталинград шайқасына 70 жыл толды


Сталинград шайқасының 70 жылдығына арналған шарадан көрініс. Астана, 2 ақпан 2013 ж. Сурет Қазақстанның қорғаныс министрлігінің сайтынан алынды.
Сталинград шайқасының 70 жылдығына арналған шарадан көрініс. Астана, 2 ақпан 2013 ж. Сурет Қазақстанның қорғаныс министрлігінің сайтынан алынды.
Бүгін Астанада екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Сталинград шайқасының 70 жылдығына арналған шара болып өтті деп хабарлады Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстандық соғыс ардагерлері, Астанадағы мектеп оқушылары қатысқан шарада 1943 жылы 2 ақпанда Сталинград түбінде болған шайқастың нәтижесі екінші дүниежүзілік соғысты түбірінен өзгерткені сөз болды. Осы шайқасқа қатысқандардың бірі, бірнеше орденнің иегері Қоңдыбай Жексембаев қазіргі ұрпақтың аталарының жасаған ерлігін ұмытпауы маңызды екенін айтты.

Совет-герман соғысы жылдары Қазақстанда 50 әскери бөлім мен 25 құрылым жасақталды. Қазақстандық жасақтардың үштен бірі Сталинград шайқасына қатысты деп хабарлайды Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Сталинград шайқасындағы жеңістің 70 жылдығын Ресей де атап өтіп жатыр. Ел президенті Владимир Путин жұма күні Кремльде Сталинград шайқасына қатысқан ардагерлердің үлкен тобын қабылдап, қонақасы берді.

Сталинград түбіндегі шайқас оған қатысқан адам және техника саны бойынша адамзат тарихындағы ең үлкен шайқастардың бірі болды. Тарихи деректер бойынша, 200 күнге созылған шайқасқа екі жақтан 2 миллион адам, мыңдаған соғыс техникасы қатысқан.
XS
SM
MD
LG