Accessibility links

Болгария үкіметі отставкаға кетті


Болгария премьер-министрі Бойко Борисов. София, 20 ақпан 2013 жыл.
Болгария премьер-министрі Бойко Борисов. София, 20 ақпан 2013 жыл.
Болгарияда бірнеше күн бойы электр энергиясының қымбаттауы мен тұрмыс деңгейінің төмендеуіне қарсы наразылық шерулері өткен еді. Сол оқиғадан кейін бүгін ел үкіметі отставкаға кетті.

Премьер-министр Бойко Борисов бүгін парламентте сөйлеген сөзінде "полициясы демонстранттарды басып-жаныштап жатқан үкіметті басқара алмайтынын" айтты. Үкіметтің отставкаға кететінін мәлімдеген ол "Бізді билікке әкелген - халық, сондықтан біз оны бүгін халыққа өткізіп береміз" деді.

Сейсенбіде Болгарияның астанасы София қаласында шерушілер мен полиция қақтығысып, бірнеше адам жараланған еді. Шерушілер үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, полицияға тас лақтырған. Өткен жексенбідегі наразылық шаралары елдің 30-ға тарта қаласында ұйымдастырылды.

Дүйсенбіде премьер-министр Бойко Борисов қаржы министрін қызметінен босатқан. Кейін "электр қуатының бағасын қымбаттатып жіберген" чехиялық компанияның лицензиясынан айырылатынын ескерткен.

Болгария - Еуропа Одағындағы кедей елдердің бірі. Ол елдегі орташа жалақы - 400 еуро, орташа зейнетақы - 135 еуро.

Шілдеде елде парламент сайлауы өтеді.
XS
SM
MD
LG