Accessibility links

АҚШ-тың ұлттық барлау директоры «Орталық Азияға қатер Ауғанстаннан емес, өзара қақтығыстан төніп тұр» деген болжам жасайды.

Наурыздың 12-сі күні Eurasia View басылымында жарияланған мақала авторы Джошуа Кучера АҚШ-тың ұлттық барлау директорының биылғы мәлімдемесі туралы жазыпты.

ОА БАСШЫЛАРЫ «АРАБ КӨКТЕМІНЕН» ҚОРҚАДЫ

«АҚШ мемлекеттік департаменті мен Конгресс және Пентагон мүшелерінің өткендегі баяндамасына қарама-қайшы пікірді АҚШ ұлттық барлау директоры Джеймс Клэппер жасады» деп жазады автор. Жоғарыда аталғандар «Ауғанстан әсіре діншілдері аймаққа қауіп төндіреді» деген болатын. Ал Клаппер керісінше «Орталық Азия өзара келіспеушіліктен зардап шегеді» дейді.

Автордың пікірінше, «бұндай тұжырым әлемді аса қауіпті орын ретінде сипаттайды». Сондықтан да болар Халықаралық байланыс кеңесінің мүшесі Мика Зенко отырысты «қатер шоғын үрлейтін әлем чемпионаты» деп атады. Бірақ Джошуа Кучера баяндаманың Орталық Азияға арналған тұсын өте сауатты жазылған деп таниды.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 7 қыркүйек 2012 жыл

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 7 қыркүйек 2012 жыл


Барлау директоры «Орталық Азия елдерінде тұрақсыздық қаупі әлі бар» деп мәлімдеген. «Аймақ басшылары тұрақтылықты сақтау міндетін саяси-экономикалық реформалардан жоғары қояды, «араб көктемі» тәрізді көтерілістен қорқып, елдегі елеусіз наразылықтарды да басып-жаншуға ұмтылады» деген ол.

Баяндамадан үзінді келтірейік: «Орталық Азия елдері бір-бірімен сындарлы қарым-қатынас орнатқан жоқ, жеке бәсекелестік пен шекараға, суға және энергетикалық ресурстарға талас өзара тартысты күшейтеді. Этникалық қақтығыстардың да шығуы мүмкін». Бұған дәлел ретінде баяндамашы 2010 жылы Қырғызстанда өзбектер мен қырғыздардың қақтығысы салдарынан 400 адамның опат болғанын келтіреді. «Билік оларды татуластыруға ұмтылмағандықтан, өзара шиеленіс деңгейі әлі де жоғары» деген ол.

АҚШ-тың РЕСЕЙ ТУРАЛЫ ЖЫЛЫ ПІКІРІ

Автордың жазуынша, былтыр Ресей-Грузия жанжалы туралы болжам айтылса, биыл ондай мәселе күн тәртібінен түскен сияқты. «2012 жылдың күзінде Грузияда премьер-министр Бидзина Иванишвилидің партиясының жеңіске жетуі Ресей мен Грузияның қарым-қатынасының жақсаруына жол ашатындай. Бірақ Михаил Саакашвили билік құрған он жылдан кейінгі Грузияны ішкі саяси тұрақсыздықтар мен өтпелі кезең күтіп тұр» деп жазылған баяндамада.

Кучераның пайымдауынша, Армения мен Әзербайжанға қатысты мәтін өткен жылғыдан айнымайды: «Армения жаулап алған Таулы Қарабақтың кесірінен екі ел арасындағы дау шиеленіс ошағы болып қала береді. Бір-біріне ауыр сөз айтып, күмәнмен қарауы, шекарадағы қарулы қақтығыстың артуы да жағдайдың ушығуына жол ашады».
Ресейдегі ауған босқыны. Көрнекі сурет.

Ресейдегі ауған босқыны. Көрнекі сурет.


«Баяндамада бірінші рет Ресейдің ауған бағытына қарай АҚШ әскери-тасымал желісіндегі шиеленісті азайтудағы рөлі туралы айтылды» деп жазады автор.

«Зымыранға қарсы қорғаныс пен Иран ядролық бағдарламасы және Сирияға қатысты пікір қайшылығына қарамастан Мәскеу НАТО-ның Ауғанстандағы әскери операцияларына қолдау жасап отыр. Солтүстік тасымал желісін қолдау арқылы ол Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырмақ. Дегенмен Ресей АҚШ-тың БҰҰ мандатынсыз 2014 жылдан кейін әскерилер қалдыру туралы ниетіне күмәнмен қарайды» деп санайдыі АҚШ ұлттық барлау директоры.

«Былтырғыдай баяндамада Ресейдің Кавказ бен Орталық Азия сияқты өзіне жақын елдерді бақылауға ұмтылатыны, үлкен державалардың қақтығысынан қашатыны айтылған» дейді автор.

Бұл баяндамаға басқа пікір алып-қосу қиын екенін ескерткен Кучера: «Ауғанстаннан төнетін қауіп азайды деген дерек ең маңызды болса керек. Бүгін Вашингтонға қызмет бабымен барған Өзбекстан үкіметінің өкілдері ол жақтағы әріптестеріне басқа әңгіме айтатынына күмән келтірмеймін» деп жазады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG