Accessibility links

Түрме басшысы: Төлетаева аштық жариялаған жоқ


Роза Төлетаева (ортада). Жаңаөзен, 2011 жылдың маусымы. ("Голос республики" газеті берген сурет)

Роза Төлетаева (ортада). Жаңаөзен, 2011 жылдың маусымы. ("Голос республики" газеті берген сурет)

Жаңаөзен оқиғасы бойынша жеті жылға сотталған Роза Төлетаева "өзіне қажетті медициналық көмек көрсетілмегені" үшін аштық жариялады деп хабарлады азаматтық белсенді Макс Боқаев. Оның сөзінше, бұл ақпаратты Төлетаевамен бірге отырған сотталушылардың бірі жеткізген.

- Абақтының ережесі қатаң. Таңертең алты жарымда тұру керек. Соған Роза "шыға алмаймын, ауырып жүрмін" десе, "жоқ, шығасың" деп мәжбүрлейді екен. Розаның денсаулығы нашар екені баяғыдан бері айтылып келе жатыр. Оның денсаулығын арнайы мамандандырылған дәрігерлер қарауы тиіс. Бірақ абақтыда ондай маман жоқ болғандықтан үстірт қарап "бәрі жақсы" деп шағымданған қағаздарының барлығын қайтарып жібереді екен. Қызы қазір не істерін білмей отырғанын айтты, - деді Макс Боқаев Азаттық тілшісіне.

Бұл ақпаратты сотталушының қызы Әлия Төлетаева да растады.

Сәуірдің 22-сі күні Атырау қылмыстық атқару жүйесі департаментіне талап хат жазғанын айтқан азаматтық белсенді Макс Боқаев:

- Роза Төлетаевамен құқық қорғаушылардың кездесуін және оған қажетті медициналық көмек көрсетілуін талап еттік. Астанадағы қылмыстық атқару жүйесі комитетіне де электронды поштамен хат жібердік, - дейді.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) мен Атырау қаласындағы ҚАЖК өкілдігі бұл жайттан хабарсыз екендерін айтты.

Ал колонияның басшысы Самат Раев Роза Төлетаеваның аштық жариялағанын жоққа шығарды.

- Қазір ғана өз қолынан "колония әкімшілігіне ешқандай шағымым жоқ" деген қолхат алдым. Аштық жариялаған жоқ, - деді ол дүйсенбі күні кешке Азаттық тілшісіне.

Самат Раев сейсенбі күні Роза Төлетаеваны дәрігерлік тексеруден өткізу үшін облыстық ауруханаға жіберетінін де айтты.

- Ол кісінің денсаулығы... бәрімізде бар нәрсе ғой. Асқазаны ауырады. Қажетті емнің бәрін алып жатыр. Сенбі күні ғана емі аяқталды. Оған дейін "қатарға тұрмау" сияқты ережелерден босатылған еді. Облыстық аурухана емді тағайындайды. Өзімізде емделетін жатақханалар бар. Соның ішінде емделеді, - деді Самат Раев.

Атырау қаласы УК 157/11 әйелдер колониясындағы Роза Төлетаеваның денсаулығы нашарлағаны туралы Азаттық тілшісі жазған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG