Accessibility links

Стамбулда Әндіжан оқиғасын еске алу шарасы өтті


Ұлыбританияның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Крейг Мюррей (сол жақта) Әндіжан оқиғасын еске алу рәсімінде. Стамбул, 11 мамыр 2013 жыл.

Ұлыбританияның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Крейг Мюррей (сол жақта) Әндіжан оқиғасын еске алу рәсімінде. Стамбул, 11 мамыр 2013 жыл.

Сенбі күні Стамбулда Әндіжан оқиғасының 8 жылдығына орай еске алу шарасы өтті. «Азат Өзбекстан» қоғамы ұйымдастырған бұл жиынға Ұлыбританияның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Крейг Мюррей де қатысқан.

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің хабарлауынша, өз сөзінде Крейг Мюррей Әндіжан оқиғасынан тиісті сабақ алынбағанын айтты. Ол батыс елдерінің «бұл қырғынға екіұдайылықпен қарағанына өкініш сезімін» білдірген.

Шарада Әндіжан оқиғасының тәуелсіз баспасөзде қалай көрініс тапқаны да айтылды. Аталған рәсімде Әндіжан оқиғасына және соңғы 23 жылда өрістеген басқа да оқиғалар мен қысымға қатысты фотокөрме ұйымдастырылды.

Әндіжан оқиғасын еске алу шарасына Түркияда тұратын оң мыңдаған өзбекстандықтар, оның ішінде әндіжандықтар қатыспағаны хабарланды.

2005 жылы 13 мамырда Әндіжан қаласында алаңға шыққан жұртқа Өзбекстан полициясы оқ жаудырып, ресми дерек бойынша 187 адам қаза тапты. Бабыр алаңында билік «акрамистер» деген айып тағып, тұтқынға алынған 26 бизнесменді қорғауды көздеген митингі өткен болатын. Өзбекстан билігі бұл бизнесмендерді 1990 жылдары тыйым салынған «Акрамия» қозғалысының жақтастары деп мәлімдеді. Митингіге шыққан Әндіжанның бірнеше мың тұрғыны халықтың әлеуметтік жай-күйін жақсарту және елдегі қуғын-сүргін саясатын доғару жөнінде де талаптар қойған еді.
XS
SM
MD
LG