Accessibility links

Қашағанда мұнай қайта өндіріле бастады


Қашағандағы жасанды арал. 7 сәуір 2013 жыл.
Қашағандағы жасанды арал. 7 сәуір 2013 жыл.
Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі аумағындағы Қашаған кенішінде апаттан соң мұнай қайта өндіріле бастады деп хабарлады мұнай және газ министрлігінің баспасөз қызметі.

24 қыркүйекте Қашағандағы "Болашақ" кешенінде төтенше жағдай болған еді. Теңіздегі жасанды "Д" аралынан зауытқа баратын газдың сыртқа шығып жатқаны анықталып, ондағы барлық скважиналардан мұнай өндіру уақытша тоқтатылған.

Ал 26 қыркүйекте Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Болатбек Омаров құбырды іске қосуға үш-төрт күн қажет екенін айтқан.

Қашаған кен орнын барлаған мұнай компаниялары мұндағы мұнай қоры 35 миллиард баррельге жуық деп бағалаған. Олар кенішті іске қосу жұмыстарына 13 жылда 48 миллиард доллар жұмсаған. Қашағаннан мұнай өндіруді бастау ісі бұдан бұрын бірнеше рет кейінге қалдырылған еді. Қашаған кен орнында North Caspian Operating Company B.V. консорциумы алғашқы мұнайды биыл 11 қыркүйекте өндіре бастаған.

Қашаған жобасында қазақстандық "Қазмұнайгаз", италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total (әрқайсысының үлесі - 16,81 пайыз), жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea (7,56 пайыз) компанияларының да үлесі бар. Қашағандағы ConocoPhillips-тің 8,4 пайыз акциясын жуықта Қытайдың China National Petroleum Corporations (CNPC) компаниясы алған.
XS
SM
MD
LG