Accessibility links

Салық туралы заң жобасы мақұлданды


Парламент мәжілісі, Астана. Көрнекі сурет.

Парламент мәжілісі, Астана. Көрнекі сурет.

Қазақстан парламенті мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында көлік, тұрғын үй, темекі және алкогольді өнімдерге салынатын салықты арттыру қарастырылған.

Бұған дейін заң жобасын талқылау кезінде "Нұр Отан" партиясынан сайланған депутаттар (мәжілістегі депутаттық орынның көпшілігіне ие) тек "қымбат көлік пен қымбат үйлері бар, табысы жоғары азаматтарға салынатын салықты ғана арттыру қажет" де, жобаның кейбір баптарына өзгерістер енгізуді ұсынған еді.

Партия фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин "депутаттар қозғалтқыш көлемі тек 4 мың текше сантиметрден асатын көлік құралдарына салықты көбейтуді, 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін сатып алынған, қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден аспайтын көлік құралдарының салық көлемін бұрынғы күйінше қалдыруды қолдайтынын" айтқан.

Бұған дейін экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын көліктердің салығын төрт есе өсіретін заң жобасын ұсынған еді.

Депутаттар бұған қоса үй салығын жаппай көбейтуге де қарсы болып, салықты үйдің бағасына қарай белгілеу қажет деген.

"Ақ жол" партиясы мен "Халықтық коммунистер" фракциясының депутаттары заң жобасына қарсылық білдірген.
XS
SM
MD
LG