Accessibility links

Өтембаев үкімін қайта қарау 27 қаңтарға қалды


Қазақстан парламенті сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.
Қазақстан парламенті сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.
Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне айыпты деп сотталған Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қарау бойынша сот отырысы 27 қаңтарға қалдырылды.

Сотқа төрағалық етіп жатқан судья Асқарбек Бейімбетов Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстарының адвокат сот материалымен танысып шығу үшін сотты кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырған.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі серігі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген.

2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.
XS
SM
MD
LG