Accessibility links

"Қазақмыстың" наразы кеншілері сыртқа шықты


Кенші. (Көрнекі сурет)
Кенші. (Көрнекі сурет)
Шығыс Қазақстан облысында наразылық танытып жатқан "Қазақмыс" компаниясының Артемьев кенішінің жүзге жуық жұмысшысы жер бетіне шықты.

Жұмысшылар техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына, жалақының дұрыс төленбеуіне наразылық білдіріп, 30 қаңтарда жер астындағы кен орнынан сыртқа шығудан бас тартқан еді. Кеншілер техникалық қауіпсіздік ережелерін қайта қарауды, жұмыс істеуге мүмкіндік жасап, жуынатын және киім-кешек ауыстыратын бөлмелерді реттеуді де талап еткен.

Наразылық білдірген жұмысшылармен кен басшылығы, кәсіподақ пен жергілікті құзырлы органдар келіссөз жүргізген.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, келіссөзде жұмысшыларға бүгін 2013 жылдың желтоқсан айының сыйақысы төленетін болып шешілген соң барлық жұмысшы сыртқа шыққан. Жұмысшылардың қалған талаптары жұмыс барысында талқыланатын болған.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы кеніште еңбек заңнамаларының сақталуын тексеретінін хабарлады.

Артемьев кен орны 2005 жылы Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы Усть-Таловка ауылына маңында ашылған. Мұнда 1 мың 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Кеніш жылына 1,5 миллион тонна кен (мыс, мырыш) өндіреді.

«Қазақмыс» – Қазақстанда 18 кеніші, 10 кен байыту фабрикасы, 2 мыс балқыту өндірістік кешені және 60 мыңдай жұмысшысы бар компания.
XS
SM
MD
LG