Accessibility links

Прокурор Мешімбаеваны 8 жылға соттауды сұрады


Статистика агенттігінің бұрынғы жетекшісі Анар Мешімбаева сот залында. Астана, 10 ақпан 2014 жыл.

Статистика агенттігінің бұрынғы жетекшісі Анар Мешімбаева сот залында. Астана, 10 ақпан 2014 жыл.

Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы, "халық санағы кезінде бюджет қаржысын жымқырды" деген айып тағылған Анар Мешімбаеваның сотында бүгін айыптаушы прокурор оны сегіз жылға соттауды сұрады.

2010 жылы қаңтарда Қазақстанның экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) «2009 жылдың ақпан және наурыз айларында жүргізілген халық санағы кезінде бюджет қаржысын жымқырған» деген айып бойынша Анар Мешімбаеваның үстінен іс қозғап, прокуратура оған іздеу жариялаған еді.

Мешімбаева 2013 жылы 6 ақпанда Мәскеуде ұсталып, қыркүйектің 7-сі күні Қазақстанға экстрадицияланған.

Анар Мешімбаева 2009 жылы күзде халық санағына қатысты дау туындаған соң Қазақстанның статистика жөніндегі агенттігінің төрайымы қызметінен отставкаға кеткен еді.

Мешімбаеваға қатысты Астанадағы сот 4 желтоқсанда басталған. Сот бастала салғанда-ақ ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген еді.

Прокурор Мешімбаеваны қылмыстық кодекстің 176-бабының 3-тармағы (өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену) және 307-баптың 3-тармағы (қызметін теріс пайдалану) бойынша айыпты деп танып, соттан оны 8 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығаруды сұраған.
XS
SM
MD
LG