Accessibility links

«Еуромайдан» белсенділері мэрияны босатты


«Еуромайдан» белсенділері көшедегі баррикадалардың бір бөлігін алды. Киев, 16 ақпан 2014 жыл.

«Еуромайдан» белсенділері көшедегі баррикадалардың бір бөлігін алды. Киев, 16 ақпан 2014 жыл.

Киевте бүгін «Еуромайдан» белсенділері қалалық әкімдіктің ғимаратын босатты. Қала басшысы Владимир Макеенко мэрия қызметкерлерінің дүйсенбіден бастап жұмысқа кірісетінін хабарлады. Сол сияқты, Львов, Ивано-Франковск, Тернополь және Полтава облыстық басқару органдарының ғимараттары да босатылғаны туралы ақпарат тарады.

Шерушілер Киевтегі Грушевский көшесіндегі баррикадалардың бір бөлігін алып, автокөлік өтетіндей жол ашқан.«Батькивщина» партиясынан сайланған парламент депутаты Арсен Аваков рақымшылық туралы заң талаптарына қажетті шарттардың барлығы орындалғанын мәлімдеген. Ол Ұлттық қарсылық штабы, Майдан кеңесі заңды дереу күшіне енгізуді талап етіп отырғанын айтты.

«Украинская правда» газеті әңгіме билікке наразылық шерулеріне қатысушыларға қарсы қозғалған екі мыңға жуық қылмыстық істі жауып, бұған дейін тұтқындалған, ал қазір үйқамақта отырған немесе кепілге босатылған 236 адамды біржолата ақтау туралы екенін жазады.

17 ақпанда рақымшылық туралы заңда әкімшілік ғимараттары мен көлік жолдарын босатуға белгіленген мерзім аяқталады.

Бүгін Киевтегі тәуелсіздік алаңында (Майдан незалежности) кезекті халық жиыны өтпекші. «Батькивщина» партиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында «Майдан көтерген талаптардың орындалуы үшін белсенділердің бейбіт қарсылығы» талқыланады.

Бүгін, ақпанның 16-ы күні Нью-Йорк, Вена және Санкт-Петербург қалаларында украиналық «Еуромайданға» қолдау көрсету акциялары өткізілмек.
XS
SM
MD
LG