Accessibility links

Еуропа кеңесі Киевті реформаларды тездетуге шақырды


Украина парламенті отырысы. Киев, 20 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Украина парламенті отырысы. Киев, 20 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Еуропа кеңесі Украинаның қазіргі билігін "ақпан айының аяғында, Киев көшелерінде шерушілерді атқан снайперлерді жылдам анықтап, тергеуге" шақырды. Еуропа кеңесінің бас хатшысы Турбьёрн Ягланд "шеру кезінде болған қайғылы оқиғалар туралы әртүрлі болжамдардың тарауына тоқсауыл қою үшін бұл қылмыстарды жедел тексеру керек" дейді. Ягландтың бұл жөніндегі сұхбаты Süddeutsche Zeitung газетіне 22 наурыз күні шықты.

Еуропа кеңесі басшысы Киевті сайлау және сот жүйесіне реформа жүргізуге шақырды. Ол Украина билігіне бұрынғы президент Виктор Януковичпен 21 ақпанда жасасқан келісімі туралы да ескертті. Янукович пен сол кездегі оппозиция - қазіргі Украина билігі арасында жасалған ол келісімге Германия, Польша, Франция сыртқы істер министрлері де атсалысқан еді.

Еуропа кеңесінің бас хатшысы ол құжатта "азшылық құқықтарын қорғау, уақытша үкімет құрамына барлық партиялар мен аймақ өкілдерін енгізу" туралы жазылғанын еске алды. Бас хатшы "ол шарттар әлі орындалған жоқ" дейді. Ягланд "келісім орындалмаса, қазіргі үкіметтің заңдылығына күмән туатынын, келісімді орындамау тұрақтылыққа қауіп төндіретінін" айтты.

Наурыз айының басында Еуропа Одағы (ЕО) мен Ресей "Украинадағы жағдайды қалыпқа түсіру үшін 21 ақпан күнгі келісімнің орындалуы тиіс" екенін мәлімдеген.

Украина оппозициясы келісімнің орындалмай қалғанына Виктор Януковичті кіналайды. Янукович келісімге қол қойғаннан бірнеше сағат өткенде Киевтен кетіп қалған еді.
XS
SM
MD
LG