Accessibility links

Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Жол қозғалысы туралы" заң мен оған қосымша "Қазақстан Республикасының жол қозғалысы мәселелері туралы кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін парламент мәжілісі мақұлдаған заң жобаларында жеті санаттан және оған қосымша алты тармақтан тұратын жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігі енгізу, жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, тұрғын үй аумақтарында көлік тұрақтарын салу тәртібін енгізу қарастырылған.

Жаңа заң бойынша, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға жауапкершілік күшейеді. Бірақ соған қарамастан тез арада төленген жағдайда айыппұл көлемін азайту мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

Жаңа заңда масаң күйде көлік жүргізгендерді әкімшілік қамауға алу мерзімі мен жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі де ұлғайтылған.

Заңда коррупцияның алдын-алу мақсатында жүргізушінің жол қозғалысы инспекторының көлігіне отыруына да тыйым салынған.

Бұған дейін Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов елде жол қозғалысы туралы жаңа заң қабылданса, сағатына 50 километр жылдамдықпен жүре алатын мопед, квадроцикл, мотоциклдердің барлығы да тіркеуге алынатынын айтқан еді.
XS
SM
MD
LG