Accessibility links

Ресейде әлеуметтік желі мен блогтарға бақылау күшейеді


Ресей мемлекеттік думасының отырысы. (Көрнекі сурет)

Ресей мемлекеттік думасының отырысы. (Көрнекі сурет)

Ресей мемлекеттік думасы әлеуметтік желілер мен блогтарды шектейтін жаңа заң жобаларын мақұлдады. Депутаттар Google сияқты электронды ақпарат таратумен айналысатын шетелдік компанияларды Ресейде тіркеуден өтуге міндеттейтін "антитеррорлық" шаралар туралы заң жобасын құптады.

Жоба бойынша, шетелдік интернет компаниялары өздері арқылы өтетін барлық ақпаратты ресейлік серверлерде алты айға дейін сақтауы тиіс.

Құжат бұған қоса сайттары мен әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларына күніне 3 мыңнан аса адам кіретін блогерлерді билік орындарына өзінің фамилиясы мен электронды поштасын хабарлауға міндеттейді. Блогерлер бұдан өзге ақпарат құралдары сияқты жариялаған ақпараттарының жалған, экстремистік және жала жабу сипатында болмауына жауап береді. Бұл ережелерді бұзған жағдайда блогерлерге 1 мың АҚШ долларына дейін айыппұл салынады.

Нью-Йорктегі журналистерді қорғау комитеті жаңа заң жобасы "Ресей билігінің Кремльді сынаушыларды қудалауына, блогерлерге цензура қоюына жол ашады" деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG