Accessibility links

ФБР: Сирияда АҚШ азаматтары да соғысып жүр


ФБР директоры қызметіне ұсынылған Джеймс Коми өз кандидатурасын талқылаған АҚШ сенатында тұр. Вашингтон. 9 шілде 2013 жыл.

ФБР директоры қызметіне ұсынылған Джеймс Коми өз кандидатурасын талқылаған АҚШ сенатында тұр. Вашингтон. 9 шілде 2013 жыл.

Сирияда президент Башар Асадтың режиміне қарсы күресіп жүрген радикалды топтар қатарында АҚШ азаматтары мен әсіресе Еуропа елдері өкілдерінің қатары көбейіп бара жатқаны алаңдаушылық туғызады. Бұл туралы жұма күні АҚШ федералдық тергеу бюросының (ФБР) директоры Джеймс Коми мәлімдеді.

ФБР-дің Вашингтондағы штаб-пәтерінде журналистермен кездескен Джеймс Коми қазіргі таңда Сирияға барып, үкіметке қарсы қарулы күреске қатысушылардың саны бірнеше мыңдап саналатынын айтқан.

«Бұл жихадшылардың көпшілігінің «әл-Қаидамен» байланыстары бар, Сириядағы қарулы көтерілісшілердің арасында олардың ықпалы артып бара жатыр» деді ол.

Комидің айтуынша, Сирияда террор техникасын меңгерген фундаменталистердің үйлеріне оралған соң өз пікірлестеріне қалай ықпал етері батыс арнайы қызметтерін қазірден алаңдатып отыр.

«Біз Сириядағы соғыс кезінде жинаған іс-тәжірибенің 2001 жылы 11 қыркүйек күні болған террорлық акция тәрізді қайталануына жол бермес үшін табандылықпен қарсы тұрамыз» деген Коми. Бірақ ол Сирияда радикалдық топтарға қосылған америкалықтардың нақты саны туралы ашып айтпай, «ондаған адам болуы мүмкін» деген сөзбен шектелді.

ФБР директорының сөзінше, Сирияда соғысып жатқан америкалықтар өз қатарларына отандастарын тарту үшін белсенділік танытып келеді. Ол Сириядағы қазіргі ахуалды бұдан ондаған жылдар бұрын Ауғанстанда болған жағдаймен салыстырды.

«Ауғанстанда совет басқыншылығына қарсы күрескен мыңдаған мұсылман өз отандарына оралған соң, бойына исламизм идеологиясын сіңіріп барған кейбіреулері оны өз үкіметтеріне қарсы күреске айналдырды» деді Коми.
XS
SM
MD
LG