Accessibility links

Испания парламенті корольдің тақтан түсуін қолдады


Испания королі Хуан Карлос.
Испания королі Хуан Карлос.
Испания парламентінің төменгі палатасы король Хуан Карлостың тағын мұрагері Фелипе ханзадаға тапсыруына рұқсат ететін заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасын биліктегі "Халық партиясы" депутаттары да, оппозициялық социалистер де қолдады. Яғни 299 депутат қолдап дауыс берді. Тек 19 депутат - солшылдар мен сепаратистік партиялардың өкілдері ғана бұл заңға қарсы болды.

Заң жобасына қарсы депутаттар парламентте Испанияны "республикалық басқару формасына көшіру жөнінде референдум өткізейік" деген ұсыныс жасап, акция ұйымдастырды.

Қоғамдық сауалнама нәтижелеріне қарағанда, Испания тұрғындарының жартысынан көбі елде конституциялық монархияның сақталғанын қалайды.

40 жылға жуық тақта отырған 76 жастағы король Хуан Карлос маусымның басында тағынан бас тартып, оны ұлына тапсыратынын мәлімдеген.

1970 жылдары генерал Франконың диктатурасынан соң Испанияның демократиялық басқару жүйесіне біртіндеп өтуіне септескен король Хуан Карлостың абырой-беделіне Кристина ханшайымның коррупциялық жанжалы көлеңке түсірді.

Бұған қоса қарт корольдің денсаулығы да сыр бере бастаған. Соңғы бірнеше жылда ол қабырғасына әлденеше рет операция жасатты.

Егер заң жобасын парламенттің жоғарғы палатасы - Сенат мақұлдаса, онда 19 маусым күні 46 жастағы ханзада Фелипе король 6-Филипп есімін иеленіп, ант қабылдайды деп жоспарланған.
XS
SM
MD
LG