Accessibility links

Наразылар үкімет үйі алдына қайта барды


Үкімет үйі алдында наразылық танытып отырған әйелдер. Астана, 27 шілде 2014 жыл.
Үкімет үйі алдында наразылық танытып отырған әйелдер. Астана, 27 шілде 2014 жыл.

Астанада үкімет үйінің алдынан бүгін таңертең полиция ұстап әкеткен бұрынғы саяжай тұрғындарын босап шыққан соң, өткен сәрсенбіден бері өздері акция өткізген үкімет үйіне қайта барған. Азаттық тілшісіне айтуларынша, Есіл аудандық ішкі істер бөлімінде бес әйелді үш сағат ұстап, түсініктеме жазып алған соң босатқан.

- Біз қазір наразылық танытқан жерімізге қайтып келдік. Меніңше, бізді полицияға үкімет үйіне маңызды адамдар өтіп, бізді көрмеуі үшін әкеткен сияқты, - дейді наразылардың бірі Сандуғаш Серікбаева.

23 шілде күні үкімет үйіне президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинмен кездестіруді талап етіп барған наразыларды сол түні полиция ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан соң босатқан еді. Содан бері олар үкімет үйі алдынан кетпей тұр.

Астанада баспанасы тұрған жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алуға наразы тұрғындар бұған дейін бірнеше рет қарсылық акцияларын өткізген. Қала билігі олардың жер телімдері бұрынғы саяжай аумағында болғандықтан қазіргі ұсынылған өтемақыдан артық ақша берілмейтінін айтады. Шілденің басында бас прокуратура Астанадағы бұрынғы саяжай жерлерін мемлекет иелігіне алу «заңнама талаптарына қайшы келмейтіні» жайлы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG