Accessibility links

«Үлкен жиырмалық» саммиті басталады


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) G20 саммитіне қатысуға келді. Австралия, 14 қараша 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) G20 саммитіне қатысуға келді. Австралия, 14 қараша 2014 жыл.

Бүгін Австралияның Брисбен қаласында әлемдегі дамыған және дамушы 20 елдің (G-20) саммиті басталады. Екі күнге жалғасатын саммиттің күн тәртібіне экономикалық өсім, ғаламдық банк жүйесін қорғау әдістері және ұлтаралық корпорациялардың салықтан жалтару мүмкіндіктеріне тосқауыл қою мәселелері енгізілген.

Бірақ қауіпсіздік мәселелері басты назарда қалып отыр. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі хатшысының орынбасары Бен Роудздің журналистерге айтуынша, АҚШ президенті Барак Обама, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Франсуа Олланд, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Украинаның шығысындағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Мәскеу мен Киевке қынжылыстарын жеткізбек.

Саммит қарсаңында Австралия премьер-министрі Тони Эбботт Ресей президенті Владимир Путинді тағы да сынап, «Украинаны қорқытпақшы» деп айыптады. Бұл айыптау президент Путин Ресейдің Тынық мұхиттағы әскери флотының төрт кемесін саммит кезінде Австралия жағалауларына жіберуге бұйрық бергенде айтылды.

Өз кезегінде Путин Еуропа Одағы, АҚШ, Австралия және өзге елдердің Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге қарсы салған экономикалық санкциялары «Үлкен жиырмалық» принциптері мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келеді деп мәлімдеді.

«Үлкен жиырмалық» тобына АҚШ, Аргентина, Австралия, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Еуропа Одағы, Оңтүстік Африка республикасы, Оңтүстік Корея, Үндістан, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия, Франция және Жапония енеді. Әлемдік экономиканың 85 пайызы және сауда көлемінің 80 пайызы осы елдердің үлесіне тиеді.

XS
SM
MD
LG