Accessibility links

Жаңаөзен құрбандарына ас берілді


13 желтоқсан күні Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының іргесіндегі «Теңге әулие» қорымында Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың рухына ас берілді.

Асқа 2 мыңдай адам жиналған. Еске алу шарасында Жаңаөзен тұрғындары, қаза тапқан және сотталған азаматтардың туыстары, Орал, Астана, Атырау қаласынан келген белсенділер болған. Атап айтқанда, Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталып, жақында бостандыққа шыққан белсенді Роза Төлетаева, азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов, құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева, бард әнші Жанат Есентаев, "Жаңаөзен ісі" бойынша сотталып, кейін мерзімінен бұрын босатылған бірнеше азамат асқа қатысқан. Бұлардан бөлек, Жаңаөзен қаласының әкімі мен "Өзенмұнайгаз" компаниясы өкілдері де келген. Полиция қызметкерлері көзге шалынбаған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, асқа арнап бірнеше ірі қара және ұсақ мал сойылған. Жиылғандар Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқан мармқұмдардың рухына құран бағыштап тарасқан.

2011 жылы 16-17 желтоқсан күндері Жаңаөзен қаласында полиция ереуілге шыққан азаматтарға оқ атып, Шетпе станциясында ел толқып, оқиға кезінде ресми дерек бойынша 17 адам қаза тапты, жүзден аса адам жараланды. Олардың кейбірі мүгедек болып қалды.

Жаңаөзендегі оқиғалар бойынша айыпты деп танылған 37 адамға сот 2012 жылдың маусым айында әртүрлі үкім шығарған. Олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

Ал түрме жазасына кесілген 13 адамның 10-ы қазір бостандықта. Олар – Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес, Мұрат Қосбармақов, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев, Шабдал Өткелов және Роза Төлетаева.

«Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандардың үшеуі – Нарын Жарылғасынов, Мақсат Досмағамбетов және Қанат Жүсіпбаевтің жаза мерзімі әлі аяқталған жоқ.

XS
SM
MD
LG