Accessibility links

Ресей Донбасқа тағы "гуманитарлық жүк" жөнелтті


Ресейдің Донбассқа жөнелткен "гуманитарлық көмек" жүктерін тиеді делінген жүк көліктері жанында тұрған ресейлік төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері. 30 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Ресейдің Донбассқа жөнелткен "гуманитарлық көмек" жүктерін тиеді делінген жүк көліктері жанында тұрған ресейлік төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері. 30 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Ресей Украинаның Донецк және Луганск облыстарындағы сепаратистер бақылауындағы территорияларға тағы да "гуманитарлық көмек" тиеген жүк көліктерін жөнелтті.

Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, 120 жүк көлігінен тұратын колонна бір жарым мың тоннаға жуық "гуманитарлық жүк", оның ішінде азық-түлік, балалар тағамдары, күнделікті керек-жарақтар мен дәрі-дәрмектер алып барады.

Министрліктің дағдарыстық жағдайларды басқару ұлттық орталығы басшысының орынбасары Олег Воронов көліктердің бір тобы Донецкідегі шекаралық өткізу бекетіне бара жатқанын және одан ары Луганскіге баратынын, тағы бір тобы Матвеев Курган өткізу бекетіне аттанғанын хабарлады.

Ресей Украинаның сепаратистер бақылауындағы шығыс территорияларына осымен он бірінші рет "гуманитарлық жүк" жөнелтіп отыр.

Украина өз территориясына жеткізілетін кез-келген жүк халықаралық құқыққа сай Киевтің келісімімен және кедендік талаптарды орындай отырып қабылдануы тиіс дейді.

Киев бұған қоса, Мәскеуді "гуманитарлық жүк" деген атпен сепаратистерге қару-жарақ тасиды деп айыптайды.

Ресей Донецк мен Луганск облыстарына алғашқы "гуманитарлық жүгін" өткен жылдың тамыз айында жіберген. Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, содан бері Шығыс Украинаға 13 мың тоннадан астам жүк жіберілген.

XS
SM
MD
LG