Accessibility links

Жетісу ауданы әкімдігі: тағы 11 үй сүріледі


Алматының Жетісу ауданына қарасты Айнабұлақ-3 шағын ауданы Палладин көшесінде сүрілген үш үйге қатысты Жетісу ауданының әкімі түсінік берді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, аудан әкімі Талғат Разақов «Заңсыз салынған 14 үйді сүруге сот шешімі шыққан. Оның үшеуінде нақты ешкім тұрып жатқан жоқ. Сондықтан олар сүрілді. Ал қалған 11 үй алдағы уақытта сүріледі. Бірақ сүрілген үйлерге әкімшіліктің де, прокуратураның да, Жетісу аудандық ішкі істер бөлімінің де еш қатысы жоқ. Үйлерді сот орындаушылары сот шешімі бойынша сүрген» деді.

Әкімнің айтуынша, Айнабұлақ шағын ауданында бұлардан басқа да "қызыл сызықта" тұрған 249 үй бар. Ол үйлерге болашақта Алматы қалалық жер қатынастары бөлімімен келісіп Алатау ауданы аумағынан жер бөлініп берілуі мүмкін.

Айнабұлақ-3 шағын ауданындағы үш үйді қаңтардың 28-інде сот орындаушылары таңертең арнайы техника, полиция өкілдерімен келіп, тұрғындардың қарсылығына қарамастан сүріп тастаған.

Сүрілген үйдің тұрғындары уақытша көршілерінің үйіне қонып жүргенін айтып шағымданды.

XS
SM
MD
LG