Accessibility links

Калачиден тағы бір отбасы көшірілді


Калачи ауылы маңындағы бұрынғы уран кен орны. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.
Калачи ауылы маңындағы бұрынғы уран кен орны. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Ақмола облысының Есіл ауданында кейбір тұрғындары белгісіз "ұйқы дертіне" шалдыққан Калачи ауылынан тағы бір отбасы көшірілді.

Ақмола облыстық әкімдігі ресми сайтының хабарлауынша, ауылдық амбулаторияда дәрігер болып істеген Татьяна Протасованың отбасы Щучинск қаласына көшіріліп, екі бөлмелі пәтер берілген.

Қаңтар айының соңында Калачиден тағы екі отбасы Атбасар ауданының Родиновка ауылына көшірілген.

2013 жылдың наурызынан бері Калачи ауылының ондаған тұрғыны түсініксіз "ұйқы дертіне" шалдыға бастағаны хабарланған. Науқастар дел-сал болып, бастары ауырып, есте сақтау қабілеті нашарлап, ұйқы басатынын айтып шағымданған. Астанадан барған комиссиялар ауру себебін анықтай алмаған.

Астанадағы Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың директоры Абай Байгенжин өткен аптада ауылдан қандай да бір сыртқы фактордың анықталмағанын айтқан. Кейбір тұрғындар ауылдан бірнеше шақырым жерде ашық жатқан, кезінде уран өндірілген кеніштің экологиялық зардабын шегіп жатырмыз деп санайды. Жергілікті билік соңғы айларда Калачи тұрғындарын басқа аймаққа көшіру шараларын қолға алған.

Мыңға жуық тұрғыны бар Калачи ауылы Астанадан 450 километрдей жерде орналасқан.

XS
SM
MD
LG